Өзбекстан президенті Назарбаевты туған күнімен құттықтады

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мирзиеев Назарбаевты телефон арқылы құттықтаған.
«6 шілдеде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев пен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арасында телефон арқылы сөйлесті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен шын жүректен құттықтап, оған зор денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге көрші ел басшысы Өзбекстан мен Қазақстанды достық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар байланыстыратнын атап өткен. Әңгіме барысында екі елдің барлық салалар бойынша көп қырлы ынтымақтастықты қарқынды дамытып жатқаны да айтылған.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президентті кеше, 5 шілде күні құттықтады. Тоқаев тұңғыш президенттің тарихи рөліне тоқталып өтіп, оның мемлекеттілігінің бастауында тұрғанын атап өткен.
Назарбаев бүгін – 85 жасқа толып жатыр. KursivMedia экс-президенттің туған күнін қайда тойлайтыны туралы тарқатып жазған болатын.