Петропавл қаласында алғашқы модульдік құтқару станциясы ашылды

Петропавл қаласында еліміздегі алғашқы модульдік құтқару станциясы ашылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа нысан Есіл өзенінің жағалауында орналасқан және Солтүстік Қазақстан облысындағы судағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Модульдің салтанатты ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов, қатысқан. Министр өз сөзінде құтқару бөлімшелерінің инфрақұрылымын күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Біз құтқару бөлімшелерінің қажетті жерлерде салынуын қамтамасыз ету арқылы оларды күшейтіп жатырмыз. Мұнда құтқарушылардың жылдам әрекет етуіне барлық жағдай жасалған», – деді министр.
Модульдің ерекшелігі
Модульдік станция қысқа мерзімде салынып, тәулік бойы кезекшілікке қажетті барлық жағдаймен жабдықталған. Ғимаратта жұмыс аймағы, ас үй, техникалық бөлме және демалыс орны бар. Энергияны үнемдейтін материалдар қолданылып, электр жылыту жүйесі орнатылған. Сонымен қатар, суға шұғыл шығуға ыңғайлы пирстер мен баспалдақтар бар.
Жаңа станция жағалау аумағын, автомобиль көпірін және Петропавл су торабының бөгетін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл нысан еліміздің басқа өңірлерінде осындай инфрақұрылымды енгізу үшін пилоттық жоба ретінде енгізілген.
Жыл басынан бергі 6 айда Солтүстік Қазақстан облысының құтқарушылары 1200-ден астам рет оқиға орнына шыққан. Олар 135 адамды құтқарып, 240-тан астам тұрғынды эвакуациялаған. Жаңа станцияның іске қосылуы өңірлік ТЖД-ның жедел мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады деп күтілуде.