Техастағы су тасқынына байланысты Тоқаев Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады

Техастағы алапат су тасқынына байланысты презижент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Техас штатындағы алапат су тасқыны салдарынан көптеген адамның, соның ішінде балалардың қаза тапқанына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы қайтыс болған азаматтардың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 4 шілде күні Техас штатының Керр округінде қатты жауын-шашын болып, салдарынан Гуадалупе өзенінде су үлкен жыдамдықпен көтеріліп, арнасынан шыққан. Өзен деңгейі небары 2 сағат ішінде 6 метрге көтерілгені айтылады. Өкінішке қарай тасқын су өзен жағасында орналасқан Camp Mystic балалар лагерін де шайып кеткен. Алдын-ала мәлімет бойынша лагерьде 750 бала болған.
Соңғы мәліметтерге сәйкес қаза тапқандар саны 43-ке жеткен. Техас штатының басшылығы 850 адамның құтқарылғанын хабарлаған. Құтқарушылар із-түссіз жоғалған лагерь балалары мен қызметкерлерін және өзен жағасына демалуға келген туристер мен жергілікті тұрғындарды іздестіріп жатыр. Керр округінің басшысы лагерьде болған 27 қыздың із-түссіз кеткенін мәлімдеген. Қаза болғандар саны әлі де арта түсуі мүмкін екені айтылады.