Неге біз телефонға үңіле береміз немесе ол әдетті қалай қоюға болады?

Жарияланды
балалардың қауіпсіздігін
Фото: kursiv.media

Қолыңыз қалт етсе болды, телефоныңызға жаңа хабарлама келген-келмегенін тексеретін жаман әдетіңіз бар ма? Экраны жанбаса да, 5 минут сайын қарай беретін болсаңыз, онда сіз дижитал қармаққа ілініп қалған көпшіліктің қатарындасыз деген сөз. Ол не деген сөз, бұл әдеттен қалай арылуға болады — бүгінгі материалымызда талдаймыз.

Бұған нейробиологияның қандай қатысы бар?

  1. Бұл процесте дофамин бөлінеді:
    1. Механизмі мынадай: Хабарлама, мейлі ол лайк, хат не басқасы болса да аяқ-асты келеді. Сол кезде мида дофамин бөлінеді. Оның қуаныш гормоны екенін жақсы білеміз. Бірден миымызға «маңызды бірдеңе келген шығар» деген ой сап ете қалады.
    1. Әсері қалай десеңіз: Мұндайда шартты рефлекс пайда болады. Яғни хабарлама дыбысы/вибрация естіледі → қуанышты бірдеңе болды ма деген ой туады→ сондықтан телефонды тексеріп, қарайсыз.
  2. FOMO (Fear of Missing Out) әсері болады:
    1. Механизмі мынадай: Кез келген хабарлама келгенде бойда бір сигнал ойнайды. Жаңалық, хабарлама, әлдебір оқиға — кез келген нәрсе туралы барынша білгіңіз келіп тұрады. Ұжымдасып өмір сүріп, әбден тірі қалудың қамын жасап үйреніп қалған миымыз бірден «жұрттан қаласың ба?» деп білуге асықтырып, итермелеп тұрады.
    1. Әсері қалай десеңіз: Бойда туатын үрей мен мазасыздық көбіне белгісіздік бойлаған кезде пайда болады. Яғни мазасыз адамдар телефонын қайта-қайта қарай береді.
  3. Зейгарник эффектісі деген бар:
    1. Механизмі мынадай: Ми аяқсыз қалған шаруаны қатты есте сақтап қалады. Сондықтан ашылмаған бір хат тұрса да, «мынаны қарап таста да, тынышталшы» деп белгі береді. Яғни мессенжер белгісінің қасындағы «1» деген санның өзі миға әжептәуір визуал триггер болады деген сөз.
    1. Әсері қалай десеңіз: Бұдан когнитив диссонанс пайда болады. Яғни әлгі хабарламаны ашып тастамайынша, тыншымайсыз. Кемінде ысырып, көзден таса қылып қоясыз.

Дизайн да манипуляция жасайды

Біле білсеңіз, әлеуметтік желілер мен қолданбалар әлсіз тұсымызды хабарламалар дизайнының көмегімен саналы түрде пайдаланады. Қалай десеңіз, айтайық:

  • Қызыл түс пен сандар арқылы: Визуал түрде қызыл түс бірден назар аудартады. Оған қоса сондай маңызды, шұғыл деген ассоциация тудырады. Жалпы қызыл түс қауіптің белгісі екенін білетін боларсыз?
  • Мәтінді толық көрсетпейді: Көбіне превью ғана шығады. «Не болды екен?» деген оймен ашып қарауға итермелеп, әдейі клик жасатады.
  • Дыбыстар мен вибрациялар қолданады: Әр қолданбаның өзіне тән бір дыбысы болады. Сол дыбыс шыққанда бірден шартты рефлекс туады. Мәселен WhatsApp-та кімнің жазғанын қарамай біліп отыру үшін өзіңіз дыбыс таңдай аласыз. Сол сияқты дүние.
  • Дыбысын азайтып не вибрация қойсаңыз да құтыла алмауыңыз мүмкін: Өйткені ондайда бойда үрей тіпті күшейеді. Маңызды нәрседен құр қалмайын деп тіпті көбірек қарай бересіз.

Телефонға саналы түрде қарап үйренудің қандай жолдары бар?

  1. Хабарламаларды өзіңіз баптап қойыңыз:
    1. Қай қолданбаға басымдық беретініңізді өзіңіз шешесіз. Маңызды деген адамдардан келетін қоңырау мен хаттың, пайдаланатын қолданбалардың ғана дыбысын шығарып қойыңыз.
    1. Басқасының дыбысын өшіріп тастаңыз: Жұмыстан не басқа да тірліктерден қалдыратын әлеуметтік желі, қолданбалардың дыбысын қоспаңыз. Белгілі бір уақыт арнап, сол кезде ғана тексеруді әдетке айналдырыңыз.
  2. Хабарлама келмейтін локация мен уақытты белгілеңіз
    1. Мекенге қатысты: Айталық, ұйықтайын де жатсаңыз, жатын бөлмеге кіргенде телефонды бірден «Мазаламау» деген фокусқа қойып тастаңыз. Сонда түні бойы телефонның экранына жалт-жұлт етіп хабарлама келмейді. Болмаса, тамақ ішетін жерде, достармен кездескенде солай физикалық тұрғыдан өзіңізге шектеу қойыңыз.
    1. Уақытқа қатысты: Өзіңізге дижитал үзіліс жариялап тұрыңыз. Pomodoro техникасындағыдай 25 минут жұмыс істеп, 5 минут демалып отырыңыз.
  3. FOMO-мен күресіңіз:
    1. «10 минут» ережесін ұстаныңыз: Себепсізден себепсіз телефон қарағыңыз келіп кеткен кезде өзіңізді қинап, 10 минуттай алмай қойыңыз. Көбіне осы ережені ұстаған кезде импульс азаюы керек.
    1. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: Телефонды бұғаттан шығарып, экранына үңілейін деп жатқанда «Шұғыл бір шаруам бар ма?» деп өзіңізге сауал тастаңыз. Маңызды ештеңе болмаса, онда телефонды ұстаудың керегі жоқ.
    1. Қолданбаларға аудит жүргізіңіз: Керек емес қолданбаны түгел өшіріңіз. Мазаны алып хабарландыру келе беретіндерін де сүзгіден өткізіңіз.
  4. Жаңа әдет қалыптастырыңыз: Қолыңыз өзімен-өзі телефонға тартыла беретін болса, орнын басқа нәрсемен ауыстырып көріңіз. Терең тыныс аласыз ба, су ішесіз бе, жаттығу жасайсыз ба, жоқ әлде терезеге қарайсыз ба — ерік өзіңізде.

Хабарламалар туралы көп тараған аңыздарға фактчек жасайық

  • Аңыз: «Хабарламаның дыбысын естісем болды, қарағым келіп тұрады. Өзімді ұстай алмаймын».
    Рас па, өтірік пе? Кейде тіпті маңызды бір хабарлама күтіп отырғанда адамның жұмысы өнбей қояды. Яғни когнитив қабілеті төмендеп кетеді. Journal of Experimental Psychology жасаған зерттеу нәтижесінде әлденені күтіп отырып жұмыс істеген адамның IQ-і бірден он шақты көрсеткішке түсіп кететіні дәлелденген.
  • Аңыз: «Табысқа жету үшін 24/7 байланыста болуың керек. Әйтпесе көп нәрседен құр қаласың».
    Рас па, өтірік пе? Харвард бизнес мектебінің зерттеуіне қарасақ, жұмысқа ден қою үшін телефонға келетін хабарламаны 2-3 сағатқа өшіріп қойған қызметкерлер әлдеқайда өнімді әрі жемісті жұмыс істеген екен. Жұмыста аз қате жіберіп, тапсырманы тез орындаған.
  • Аңыз: «Фантом вибрация ести беретін адамның дені дұрыс емес».
    Рас па, өтірік пе? Негізі мұндай психосоматикалық феномен шынымен бар. Computers in Human Behavior зерттеуіне сүйенсек, смартфон қолданатындардың 90 пайызға жуығы өмірінде бір рет болсын хабарлама келмесе де келгендей дыбыс естиді екен. Бұл әлдебір аурудың белгісі емес. Жай ғана бойға сіңіп қалған әдет.

Тобықтай түйін
Хабарламаны техникалық функция деп қана қарастыруға болмайды. Ол — біздің назарды аударатын, эмоция тудыратын, мінез-құлқымызға әсер ететін қуатты құрал. Сондықтан телефон қарағымыз келіп тұратын әдеттің астарында не жатқанын біліп, психологияны түсіне бастасақ — ол жаман әдеттен оңайырақ арыламыз. Бәрінен баз кешіп кетпесек те, саналы түрде ғана қолдануды үйренуге қадам жасағанымыз абзал.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қалай өзімізді басқалармен салыстырмай өмір сүруге болатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз