Жаңалықтар

Алматы – Саратов бағытына жаңа вагондар шықты

Алматы – Саратов бағытына жаңа вагондар шықты/Фото: Жолаушылар тасымалы АҚ

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жылжымалы құрам паркі 30 жаңа жолаушылар вагонымен толықты. Олар Петропавл қаласындағы отандық зауытта өндіріліп, бүгінде №7/8 «Алматы-2 – Саратов» бағыты бойынша жолға шықты, деп хабарлады АҚ.

Жаңа құрамда әр пойызда 10 вагон бар, оның ішінде 5 купе және 5 плацкарт вагон. Бір бағытта 400-ден астам жолаушы тасымалданады. Пойыз жұп күндері қатынайды: Алматы станциясынан сағат 20:00-де шығып, Саратов қаласына бір күннен кейін (Ресей уақытымен), сағат 10:10-да жетеді. Кері бағытта Саратовтан сағат 14:55-те шығып, бір күннен кейін Алматыға (Қазақстан уақытымен) сағат 06:54-те келеді.

«Жаңа вагондар халықаралық стандарттарға сай жобаланған. Әр купеде эргономикалық ұйықтайтын орындар, жеке жарық шамдары, бас тірегіштер, гаджеттерін қуаттауға арналған USB порттары және электр розеткалары бар. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы бейімделген купелер мен арбаларға арналған орындар қарастырылған. Сондай-ақ жолсеріктерді шақыру батырмалары орнатылған. Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл«, – делінген жолаушылар тасымалы АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Соңғы екі жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ отандық өндіруші «ЗИКСТО» ЖШС-дан 318 жолаушылар вагонын сатып алған, олардың 241-і пайдалануға берілген. Соның ішінде 30 вагон Ұлттық тасымалдаушы тарапынан № 7/8 «Алматы-2 – Саратов» бағытына шығарылған. Жаңа вагондар «Ақтөбе – Атырау», «Павлодар – Түркістан», «Қызылорда – Семей», «Алматы – Павлодар» бағыттарында да жүріп жатыр.

2030 жылға дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрам паркін 100% жаңартуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін, «Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша электр пойызы жолға шығатынын хабарлағанбыз.