Қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау желілері салынады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау желілері салынады/Фото: shutterstock

Ақмола облысында сумен жабдықтау желілерін салуға елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен 21,5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламада бүгінде өңірде сумен жабдықтау саласында 28 жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылады.

«Зеренді ауданында жаңа су құбыры желілерін салуға және қолданыстағы су құбыры желілерін жаңғыртуға 6 млрд 564 млн теңге қарастырылған. Жұмыстар Ақадыр, Жылымды, Қанай би, Көктерек, Садовое, Троицк, Васильковское, Өркен, Өзен және Баратай ауылдарында жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Бұл желілердің ішіндегі ең ірісі – 1 мыңнан астам адам тұратын Өркен кентіндегі ұзындығы 6 шақырым сумен жабдықтау жүйесі. Жобаның құны – 583 млн теңге.

Одан бөлек, облыстың 9 ауданында 2 млрд 287 млн теңгеден астам сомаға сумен жабдықтаудың жаңа көздерін салу және қолданыстағы жүйелерді реконструкциялау жүзеге асырылып жатыр.. Нысандарды пайдалануға беру осы жылдың соңына жоспарланып отыр.

«Сандықтау ауданында топтық су құбыры салынуда. Жоба бойынша 22,3 шақырым сумен жабдықтау желілерін салу көзделген. Оны жүзеге асыруға арнаулы мемлекеттік қордан 200 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Нұра топтық су құбырын реконструкциялау және Покровское ауылынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Екі жобаның жалпы құны – 9,5 млрд теңге», – дейді үкіметтегілер.

Үкімет мәлімететінше, қазіргі уақытта Ақмола облысында қалалық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметі 99%-ды, ал ауылдық елді мекендерде 96,6%-ды құрайды.

Бұған дейін, дәл осылай қайтарылған активтер есебінен 45 млрд теңгеге СҚО-ның су құбырлары жаңғыртылатыны айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз