Шоқан ізімен: Ғалымның мерейтойына орай экспедиция басталды

6 шілдеде ғалым, саяхатшы және ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай, ғалымның жүріп өткен жолы бойынша бағыт алған халықаралық экспедиция басталды.
Экспедицияны Turan TV телеарнасы Almaty Management University (AlmaU)-мен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қатысуымен ұйымдастырған.
Экспедицияның мақсаты – ұлы зерттеушінің тарихи жолын қалпына келтіру, оның мұрасын терең ұғыну және ғылым, мәдениет пен халықаралық байланыстарды дамытудағы үлесін қазіргі заманға сай қайта жаңғырту.
«Экспедиция маршруты Шоқан Уәлихановтың тарихи жолының негізгі нүктелерін қамтиды: Ош жазығы, Торугарт асуы, Қашғария, Хотан және ғалым болған өзге де қалалар. Бұл бағыт қатысушыларға саяхатшының жолын қайталап қана қоймай, оның идеялары қалыптасқан мәдени-тарихи контекске терең бойлауға мүмкіндік береді», – дейді ұйымдастырушылар.
Экспедиция құрамына ғылым, мәдениет және медиа саласының өкілдері енген:
- Роман Ботабеков, Turan TV телеарнасының бас директоры;
- Асылбек Қожахметов, Almaty Management University (AlmaU) негізін қалаушысы мен және ректоры;
- Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің директоры;
- Ислаимжан Иминов, жазушы, Шоқан Уәлиханов тарихының зерттеушісі.
Экспедиция қатысушыларын Шоқан Уәлихановтың идеялары туындаған дәуірдің мәдени әрі зияткерлік кеңістігіне он күндік сапар күтіп тұр.
«Бұл экспедиция ұлы ғалымның рухына тағзым ету ғана емес, сондай-ақ қазақстандық жастарды ғылыми жаңалықтарға, мәдениетаралық диалог пен зерттеу жұмыстарына шабыттандыруды көздейді», – дейді жоба авторлары.
Бұған дейін, 27 жастағы астаналық домбырашы Әлібек Қайырбек аптаға созылған экспедиция аясында 5895 метр биіктікте орналасқан Килиманджаро шыңына шығып «Адай» күйін тартқан.