Түркістан облысында 72 дренажды ұңғыма қолданысқа берілді

Түркістан облысы Сауран ауданында 72 тік дренажды ұңғыма қазылып, қолданысқа берілді. Әр ұңғыма 45 метр тереңдіктен секундына 60 литр жерасты суын береді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болған.
Ұңғыма егіс алқабына қосымша су жіберу үшін қажет.
Ордабасы ауданында 44 тік дренажды ұңғыманың 17-сі жөнделген. Оның ішінде 10 ұңғыма қолданысқа берілген. Бұл ұңғымалар сор шаю жұмыстары үшін де өте маңызды. Нәтижесінде топырақтың құнарлығы артып, әр гектардың өнімділігі ұлғаяды.
Өңірге сапары барысында министр Бөген су қоймасына да барған. Қойманың жалпы сыйымдылығы 370 млн текше метр. Нысан 67 мың гектар егіс алқабын сумен қамтып отыр. Бүгінде шаруаларға секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. Осыған дейін су қоймасына көпфакторлы зерттеу жүргізілген. Соның нәтижесі бойынша нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін, министр су тасқынын болжайтын Tasqyn жүйесі 1200-ден астам елдімекенде су тасқыны болуы мүмкін екенін алдын-ала хабарлағанын айтқан.