Семейде жасөсіпірімдер балық аулауға шыққан 12 жастағы баланы ұрып кеткен

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Семейде жасөсіпірімдер балық аулауға шыққан 12 жастағы баланы ұрып кеткен/Фото: ЖИ

Ертіс жағасында балық аулап жүрген 12 жастағы баланы 14-15 жастағы жасөспірімдер соққыға жыққан. Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Абай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Эльзира Солтабаева.

Оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желіде зардап шеккен баланың әпкесі баяндаған. Оның сөзін жергілікті «Объектив Восток» басылымы таратты. Жағадағы оқиға 4 шілде күні Семей қаласындағы саяжай алабында болған. Бала әдеттегідей балық аулауға өзен жағасына барған. Сол жерге бірнеше жас үлкен жігіттер келіп, агрессивті әрекеттерге көшкен. Әуелі олар баланы таспен атқылаған, кейін суға итеріп жібермек болған.

«Ол қашып құтылуға тырысқан. Алайда қуып жетіп алды. Қармақпен қорғанғанында олар оны сындырып, ұрып-соға бастаған. Бетін шапалақпен ұрған, бүкіл денесінен сабаған! Салдарынан баланың білек сүйегі сынған, белі мен жамбас тұсы көгерген, терісінің үстірт жарақаттары бар, ал ең ауыры – психологиялық жарақат», – деген әпкесі.

Әпкесінің айтуынша, шабуылдаған балалардың ата-аналары кешірім сұрамаған әрі кінәсін мойындамаған. Абай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілінің хабарлауынша, полиция бұл істі «денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабы бойынша тергеп жатыр. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Бұған дейін, Жамбыл облысында төменгі сынып оқушысына буллинг жасаған жасөспірімнің анасына айыппұл салынған.

Сондай-ақ оқыңыз