Техастағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 82 адамға жетті

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Техастағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 82 адамға жетті/Фото: Reuters

АҚШ-тың Техас штатында қалың жаңбырдан кейін болған су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны кемінде 82 адамға жетті. Ондаған адам әлі күнге дейін із-түссіз жоғалғандар қатарында, деп жазады CNN.

Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі – Керр округі, мұнда орналасқан Camp Mystic жазғы лагерінен хабарсыз кеткен балалар мен тәрбиешілерді іздеу жалғасып жатыр.

Су деңгейі көтерілуде

Мамандардың мәліметінше, алдағы күндері жауын-шашынның қайта күшеюі Керр округіндегі өзен-көлдердің тасуына себеп болуы мүмкін. Техас губернаторы Грег Эбботт жексенбі күнгі кенеттен болған су тасқынының әсері әлі де қауіпті екенін, алдағы күндері жауын жалғасуы мүмкін екенін ескерткен.

Іздестіру операциялары

Camp Mystic лагерінен жоғалған туристерді әуе және жерүсті топтары іздеп жатыр. Сонымен қатар, Техас Ұлттық гвардиясы әскери мақсаттағы дрондарды қолдануда. Бұл аппараттар әдетте барлау жұмыстары үшін пайдаланылады, бірақ қазір олар іздеу-құтқару операцияларына жұмылдырылған.

Төтенше жағдайға дайындық мәселелері

Жергілікті билік өкілдері бұрын су тасқыны жөнінде ескерту беретін сиреналар орнатуды қарастырғанымен, бұл жоспар жүзеге аспаған. Ұлттық метеорологиялық қызмет дауыл басталар алдында бірнеше ескерту жасағанымен, жергілікті тұрғындармен байланыс және агенттік жұмысы сынға ұшырап отыр.

Билік өкілдері тұрғындарды абай болуға, ескерту хабарламаларын мұқият қадағалауға шақыруда. Техастағы ахуал әлі де күрделі, құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұған дейін, Техастағы су тасқынына байланысты Тоқаев Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдаған.

Сондай-ақ оқыңыз