Шымкентте 2 жасар бала алтыншы қабаттан құлап қайтыс болды

Шымкенттегі Тұран-2 ықшам ауданында 6-қабаттан 2 жасар бала құлап қайтыс болды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл жыл басын бергі төртінші жазатайым оқиға. Мамандар ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Кеше әлеуметтік желіде көпқабатты тұрғын үйдің ауласында былқ-сылқ жатқан баласын құшақтап, аңыраған әйелдің видеосы тарады.
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 6 шілде күні түске жақын қаладағы Тұран-2 ықшам ауданында болған. 9 қабатты тұрғын үйдің 6-қабатында жалдамалы пәтерде тұратын отбасының 2 жасар баласы қонақ бөлмедегі терезе торына сүйеніп, тормен бірге құлап кеткен. Оқиға болған уақытта анасы үйде, әкесі жұмысқа кеткен. Ас бөлмеге шығып кеткен анасы қас-қағым сәтте баласынан айырылып қалған.
«Департаментке 9 қабатты тұрғын үйдің 6-қабатындағы терезеден кішкентай бала құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған хабарламаның мән-жайын анықтау бойынша департамент қызметкерлері оқиға орнына барды. Жалпы ата-ана балаларды қараусыз қалдырған. 2023 жылы туылған ұл бала терезе торына сүйеніп, тормен бірге жерге құлап кеткен. Ол ауруханаға алып бара жатқанда жолда қайтыс болған», – дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Ирисмад Махмудов.
Басқарма басшысының мәліметінше, бұл жыл басынан бергі қаладағы төртінші қайғылы жағдай. 4 жағдайдың үшеуінде балалар қайтыс болған. Ол оқиға әп-сәтте көзді ашып жұмғанша орын алуы мүмкін екенін ескертеді.
«Барлық ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Көбіне ата-аналар балаларды өсіп қалған балаларымен, не қарт әке-шешесіне тастап кетеді. Баланың қауіпсіздігіне мұқият қарау керек. Қазір жаз мезгілі, күн ыстық. Пәтерлерде терезелерді толығымен ашып тастайды.Терезелерге бекіткіштерді орнатуды, жиһаздарды терезе түбіне қоймауды, балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес береміз. Терезеге масадан қорғау үшін тор қойылады. Оған бала қорғайды деп сүйенеді де тормен бірге құлайды. Бұл – өте қауіпті жағдай. Соңғы оқиға да осы мәселені көрсетіп тұр», – деді басқарма басшысы.
Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы қалада 8 бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлаған. Олардың біреуі қайтыс болып, қалғаны аман қалған. Жазатайым оқиғалар көбіне 7 жасқа дейінгі балалар арасында болады.