Астанада бір күнде төрт бала терезеден құлап кеткен: дәрігерлер үндеу жасады

Астанада бір күнде төрт бала терезеден құлап кетіп, олардың екеуі қаза тапқан. Аман қалған екі баланың жағдайы ауыр. Осыған байланысты елордалық дәрігерлер үндеу жасады.
Балалар әртүрлі биіктен құлаған. 10 және 16-қабаттан құлаған балалар алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Оның біреуі 3 жаста, екіншісі 6 жаста болған. Тағы екі бала оқиға орнынан жедел жәрдеммен балалар стационарына жеткізілген. Олардың денесінде көптеген жарақат бар. Қазіргі уақытта екі бала да жансақтау бөлімінде жатыр. Мамандар олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Дәрігерлер мұндай жағдайлар көбіне ересектердің салғырттығынан болатынын айтады.
«Ауыр халде түскен балаларды көргенде: «Мұндай жағдайға ересектер қалай жол берді? Неге бала қараусыз қалды?» деген сұрақтар туындайды. Өкінішке қарай, биіктен құлау фактілері жылдан-жылға көбейіп келеді. Жыл басынан бері түрлі биіктен құлаған 51 бала бізге жеткізілді. Олардың төртеуі алған жарақатынан стационарда қайтыс болды», – деп мәлімдеді №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлері.
Дәрігерлердің айтуынша, көбіне бала масаға арналған торға сүйенемін деп құлап кетеді.
«Масаға қарсы торға ешқашан сенбеңіздер. Олар құлаудан қорғайтын құрал емес. Құрметті ата-аналар, балаңызды бір сәтке назардан тыс қалдыру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», – деп ескертті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарты жылдың ішінде 60 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Олардың тоғызы жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
Сондай-ақ бүгін Шымкентте 2 жасар бала алтыншы қабаттан құлап қайтыс болған.