Дропперлер енді 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Бас прокуратура Парламент Сенатында дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін заң жобасы қаралып жатқанын хабарлады. Оған сай, өзінің төлем құралдарын үшінші тұлғаларға заңсыз, материалдық сыйақы алу мақсатында бергендердің ісі қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша қаралады.
Прокуратураның мәліметінше, дропперлік енді қаржылық шектеулерге ғана емес, сондай-ақ 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін.
Дропперлер үшін салдары:
- барлық банктік шоттардың алаяқтық ісі ретінде бұғатталуы;
- күдікті тұлғалар тізіліміне енгізілу және осыған байланысты қаржылық қызметтерді шектеу;
- нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталу.
Бұл зардаптар өздерінің банктік шоттарын, соның ішінде шетелдік шоттарды, қылмыстық схемаларда пайдалануға ұсынған шетел азаматтарына да қолданылады.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сәйкес, егер адам құқыққа қарсы схемаға тартылғанын түсініп, бұл туралы уәкілетті органдарға өз еркімен хабарлап, қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
«Егер сіз бұған дейін өз шотыңызды үшінші тұлғаларға берген болсаңыз, ықтимал құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу үшін банк бөлімшесіне дереу жүгініңіз немесе онлайн-банкинг арқылы картаны өзіңіз бұғаттаңыз», – деп ескертеді прокуратурадағылар.
Бұған дейін, заңнамада дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз болмаған.