Пайызсыз үй уәде еткен жоба пирамида болып шықты

Қаржылық мониторинг агенттігі «UILI BOLAYIK» (Үйлі болайық) атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқанын хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, ұйымдастырушылар әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы ретінде бүркемеленіп қатысушыларды мүлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп сендірген.
Қатысушыларға салған қаражаты үшін ай сайын 15–30% көлемінде табыс және әр жаңа тартылған адам үшін 10% бонус уәде еткен.
Азаматтардың қаражаты екінші деңгейлі банктердегі ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылып отырған, ал «UILI BOLAYIK қайырымдылық қорының» есепшоттары іс жүзінде пайдаланылмаған.
«Нәтижесінде бұл қаржы пирамидасына 515 салымшы тартылып, 50 млн теңгеден астам қаражат жиналған. Сот санкциясымен күдіктінің банктік шоттарына тыйым салынды«, – делінген ақпарат агенттігі
Күдіктіге қатысты елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Агенттік бұған дейін, Шымкентте «Ansar Gold» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғанын хабарлаған.