Алматылық компания Түркістан облысында тұт жібек құртын өсіреді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото:

Түркістан облысы Ошақты ауылында тұт жібек құртын өсіріп, оны өңдейтін кәсіпорын құрылысын бастады. Жобаны «АСВС Ойл» компаниясы қолға алған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 1,78 миллиард теңге. Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңі іске асып жатыр. 60 гектар жерге тұт ағашының көшеттері отырғызылған. Өйткені жібек құртының дернәсілдері осы өсімдік жапырағымен қоректенеді.

Сонымен қатар, компания Қытайлық серіктестермен қосымша тұт ағашы көшеттерін жеткізу туралы келісім жасасқан.

Жобаның алдында 0,5 гектар жерге тәжірибе ретінде тұт ағашы отырғызылып, оның жергілікті климатқа бейімділігі тексерілген болатын. Көшеттер жақсы өсіп, алғашқы өнімін де берген.

Келесі кезеңде инвесторлар тұт жапырағынан шай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл мақсатта шайды өңдеп, буып-түюге арналған заманауи қытайлық құрал-жабдықтар сатып алынады.

Жобаны қолға алған «АСВС Ойл» компаниясы Алматыда тіркелген. 2021-2023 жылдары 200-500 мың теңге көлемінде салық төлеген компания 2024 жылдар бері еш салық аудармаған. Компания құрылтайшылары – Гүлсім Сейілова мен Қожамұратова Алина.

Сондай-ақ оқыңыз