Freedom Ticketon мен Freedom Travel компаниясының басшылары ауысты

Freedom Holding Corp. құрамындағы Freedom Ticketon мен Freedom Travel компанияларының басшылары ауысты. Бұл компаниялар холдингтің Freedom Lifestyle бағытына кіреді.
Freedom Ticketon компаниясының бас директоры болып өнімдерді басқару және технологиялық шешімдерді енгізу саласында тәжірибесі бар Ксения Соколова тағайындалды. Ал Freedom Travel басшылығына саяхат саласындағы кәсіпкерлік және менеджмент саласында мол тәжірибе жинақтаған Игорь Бойко келді.
Freedom Lifestyle бағытының басшысы Алексей Ли бұл өзгерістер тұтынушылар үшін қызметтерді заманауи деңгейге көтеруге бағытталған кешенді трансформация аясында жасалып отырғанын атап өтті.
«Қазір біз Freedom Ticketon платформасын жаңартып, билет сату нарығында жаңа буын сервисін құруды көздеп отырмыз. Ал 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Freedom Travel компаниясының мүмкіндіктерін кеңейтіп, барлық бағыттар бойынша — әуе және теміржол билеттерінен бастап, қонақ үйлер мен турпакеттерге дейін — қызметтер спектрін күшейтпекпіз», – деді Алексей Ли.
Сонымен қатар, кадрлық өзгерістер аясында Freedom Travel компаниясының бұрынғы басшысы Аюна Вальтер енді компаниялар тобының Бақылау кеңесіне кеңесші ретінде қосылады. Ал Виктория Торгунакова холдингтегі концерттік бағытты дамытуға жауапты болады және Event Tech бағытының Бақылау кеңесіне енеді.
Ticketon компаниясы 2022 жылғы қыркүйекте Freedom Holding Corp. құрылымына кіріп, 2024 жылғы наурызда ребрендинг жасады. Aviata әуе билеттерін сатып алу сервисі 2023 жылғы сәуірде холдингке қосылып, 2025 жылғы сәуір айының соңында Freedom Travel болып өзгерді.
Бұған дейін Freedom Holding акциялары америкалық қаржы қорына қосылған.