
Трамп салығы Қазақстан экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі ресми жауабында мәлімдеді.
Өйткені қазақстандық экспорттың басым бөлігі — мұнай, уран, күміс,
ферроқорытпа, тантал және титан сияқты негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар. Оларға жаңа салық тарифі таралмайды.
«Қазақстандық тауарларға болжамды сауда режимін сақтау мақсатында ҚР Үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдады. Қазақстан мақсаты — нарыққа қол жеткізу және сауда
шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөздерді өткізу күні туралы хабарлайды.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан тауарларына 25% баж салығын енгізетіні мәлімдеген. Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында бұл тариф 2025 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енетінін жазған.
Трамп бұл шешімді Қазақстан нарығында америкалық өнімдерге қойылатын тарифтік және тарифтік емес кедергілермен түсіндіреді. Трамп екі ел арасындағы сауда теңгерімін әділетсіз деп бағалап, 25%-дық тарифті «әділ, бірақ ең төменгі деңгей» деп атаған. Сонымен қатар, егер Қазақстан жауап ретінде қарсы шара қолданса, тариф бұдан да жоғары болуы мүмкін екенін ескерткен.
АҚШ президенті осындай мазмұндағы хаттарды Малайзия, Лаос, Оңтүстік Африка, Мьянма, Жапония және Оңтүстік Корея елдерінің басшыларына да жолдаған. Былтыр Қазақстан АҚШ-қа $1,97 млрд көлемінде өнім экспорттаған. Бұл — соңғы он жылдағы рекорд.
жыопы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың басым бөлігі мұнай мен тау кен өнімдерінен тұрады. Мысалы:
- Шикі мұнай – 1,1 млрд АҚШ доллары, бұл экспорттың жалпы көлемінің шамамен 56%-ын құрайды.
- Уран – 323 млн доллар немесе 16% шамасында.
- Күміс – 240 млн доллар, яғни 12%-ға жуық.
- Ферроқорытпалар – 188 млн доллар (шамамен 9,5%).
- Тантал және одан жасалған бұйымдар – 17,6 млн доллар, экспорттың 0,9%-ын құрайды.