Жаңалықтар

Аида Балаева ШЫҰ алаңында Қазақстанның мәдени жобаларын таныстырды

фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

2025 жылдың 7 шілдесінде Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 22-кеңесі өтті. Ауқымды іс-шара аясында мәдениетаралық байланысты дамыту, гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелері талқыланды.

Кеңеске Қазақстан делегациясын бастап барған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кездесу барысында сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Мәдениет – бұл тек игі дәстүр ғана емес, болашақты жалғайтын рухани көпір. Біз ортақ бастамаларды неғұрлым белсенді дамытсақ, ШЫҰ мемлекеттерінің рухани бірлігі соғұрлым нығая түседі, – деді министр.

Аида Балаева өз сөзінде Қазақстан тарапынан қолға алынған бірқатар маңызды бастамаларды таныстырды. Олардың қатарында:

  • ШЫҰ Жастар фестивалі,
  • ШЫҰ Жас көшбасшылар форумы,
  • «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы,
  • 2024 жылы Алматыда өткен «ШЫҰ Жібек жолы» музыкалық фестивалі бар.

Министрдің айтуынша, алдағы кезеңде креативті индустрияны қолдау, мәдениетаралық байланысты кеңейту және туризмді дамыту бағытында жаңа жобалар іске қосылады. Атап айтқанда, ШЫҰ елдерінің ұлттық қолөнер шеберлері, кілем тоқушылар, қыш және ою-өрнек өнері шеберлері қатысатын көшпелі Қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесін ұйымдастыру ұсынылды.

Сонымен қатар, Аида Балаева «ШЫҰ мәдени мұрасының цифрлық платформасын» құру туралы бастама көтерді. Бұл платформа арқылы ұйымға мүше елдердің виртуалды музейлері, өнер туындылары, мәдени нысандар каталогы және шеберлердің бейнесабақтары бір жерге тоғысады. Министр Қазақстан бұл бастамаларды іске асыруда сараптамалық және ұйымдастырушылық қолдауға дайын екенін жеткізді. Алғашқы шараны 2026 жылы Алматы немесе Түркістан қаласында өткізу ұсынылды.

Кеңес аясында Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен және ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен жеке кездесулер өткізді. Тараптар екіжақты мәдени ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін білдірді.

Кеңеспен қатар, Циндао қаласында ШЫҰ-ға мүше елдердің өнер және жастар әні фестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Мақсаты – Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстарды дамыту, ұлттық дәстүрлерді насихаттау және елдер арасындағы достықты нығайту. Фестивальге Қазақстан атынан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары – Садраддин Болат (SADRADDIN) пен Рухия Байдүкенова қатысып, өз өнерлерін көрсетті.