Тоқаев ICAO президентін «Достық» орденімен марапаттады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев ICAO президенті Сальваторе Шаккитаноны қабылдады
Тоқаев ICAO президенті Сальваторе Шаккитаноны қабылдады / Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) президенті Сальваторе Шаккитаноны қабылдап, «Достық» орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі үшін Сальваторе Шаккитаноны I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Кездесу барысында президент Қазақстанның осы аймақта тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел екенін атап өткен. Нәтижесінде елде ұшу қауіпсіздігіне бақылау күшейіп, халықаралық әуе тасымалдарының географиясы кеңейген.

Бұдан бөлек 2024 жылдан бастап Монреаль қаласында Қазақстан Республикасының ICAO жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңсесі ашылған. Осындай жұмыстар барысында Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Қазіргі таңда Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейс ашу мәселесі пысықталып жатыр.

Сонымен бірге кездесу барысында президен Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылғанын айтып, нәтижесінде олардың өткізу қабілеті артқанын айтқан. Мәселен Алматы әуежайының өткізу қабілеті жаңа терминал қосылған соң, 6 есе артып, жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін жеткен.

Тоқаев Қазақстан мен ICAO арасында қол қойылатын азаматтық авиация бас жоспарына тоқталып, құжаттың авиация секторын ұзақмерзімді дамыту стратегиясы ретінде қарастырылатынын жеткізген.

Ал Шаккитано Қазақстанның азаматтық авиация саласында жетістіктерге жеткенін, елде бұл сала қарқынды дамып, орнықты өсім көрсетіп отырғанын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз