Солтүстік Қазақстанда инвестор заңды негізде қарасора өндіре бастайды

Солтүстік Қазақстан облысында өндірістік мақсатта қарасора егіледі. Бұл туралы үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.
«Қарасора өндірісіне қатысты айтар болсақ, әлі өндіру жұмыстары басталған жоқ. Қазіргі таңда инвестор жер таңдап жатыр. Кәсіпорында өндіріс технологиясы тұтастай қамтылады. Бізде өндірістік мақсатта қарасораны егуге рұқсат етілген. Мұнда есірткі құрамы болмайды. Қарасорадан қағаз және май шығару көзделіп отыр. Бұл шикізаттан дайындалған қағаз қауіпсіз әрі сапалы болады», – деді министрлік өкілі.
Сұлтанов кәсіпорынның нарық сұранысына сай өнімдер шығаратынын, қарасорадан әзірленген өнім түрлері экспортталатынын да айтты. Вице-министр қарасора егуге жайлы орын ретінде Солтүстік Қазақстан облысы таңдалып отырғанын атап өтті.