Қазақстанда екпеге қатысты қоғам көзқарасы қандай – URTG зерттеуі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
14 жасқа дейінгі қыздарға вакцина салынады: ол туралы не білу керек
Қазақстанда екпені қолдайтындар мен екпе салдырмайтындар үлесі тең түскен / Фото: kursiv.media архив

URTG зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда екпеге қатысты қоғам көзқарасы екіге бөлінген. Зерттеу орталығы сауалнама жүргізген респонденттердің 51%-ы Ұлттық күнтізбеге сәйкес екпе алғанын және алатынын мәлімдесе, сұралғандардың 47,5%-ы екпе алуды жоспарламайтынын мәлімдеген.

Жас ерекшеліктеріне байланысты статистика қандай?

URTG мәліметінше, жасы 60-тан асқан респонденттер арасында екпе алуды жоспарламайтындар үлесі (53,9%) басым. Ал 30-44 жас аралығындағы орта буын өкілдерінің арасында екпе алғандар үлесі 53,8% екен. Жастар арасында екпе алғандар (49,6%) мен алмағандар (48,4%) үлесі тең түскен.

Ауыл мен қала

Бір қызығы, ауылды жерлердің тұрғындары негізінен міндетті вакцинацияны қолдайды. Мұнда респонденттердің 61,1%-ы екпе алады.Екпеге қарсы адамдар үлесі 37%. Ал қала тұрғындарының арасында, керісінше, екпе алмағандар мен екпе алуды жоспарламайтындар саны басым – 49,8%. Екпені қолдайтындар үлесі – 48,8%.

Жыныстық ерекшелігі бойынша қарасақ, әйелдер арасында екпені қолдайтындар көп – 59,3%. Қарсылар – 39,9%. Ерлер арасында екпе салмайтындар үлесі 55,7%-ды құраған. Ал вакцинацияны қолдайтын ерлер үлесі – 42,1%.

Екпеге қатысты қандай аргументтер жиі айтылады?

Екпені Ұлттық күнтізбе бойынша тұрақты түрде алатындар екпе иммунитет қалыптастыратынына сенеді. Вакцинаны қолдайтын респонденттер екпенің жеке және ұжымдық иммунитет қалыптастыратынын айтқан.

Екпеге қарсы тараптың келтіретін уәжі келесідей:

  • Екпе сапасына сенбейді;
  • ауруды адам қолдан жасайды деп сенеді;
  • вакцинаға қызықпайды;
  • екпе алудан қорқады;
  • вакцинадан зардап шеккен.

Балаларға екпе салу

Сауалнамаға қатысушылардың көбісі балаларды вакцинациялау мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сұралғандардың 62,9%-ы Ұлттық күнтізбе бойынша балаларына екпе салады немесе егуді жоспарлап отыр. Респонденттердің 34,6%-ы керісінше, екпе салмайды және жоспарламайды.

Ауыл мен қала бөлінісінде: қала тұрғындарының 64,1% балаларына екпе салса, 34,6%-ы салмайды. Ауыл тұрғындарының 63,6%-ы балаларын міндетті вакцинацияға қатыстырса, 34,9%-ы қарсы.

Балаларына арналған ұлттық иммундау күнтізбесін ұстанатындардың 48,9%-ы міндетті вакцинациялауды қолдайды. Олар мұны қауіпті вирустан сақтанудың бір жолы деп біледі және ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қажет деп санайды.

Ұлттық екпе күнтізбесі бойынша балаларына екпе салмайтындар және егуді жоспарламайтындар міндетті вакцинациялауға қарсы. Олар әр адамның өз денсаулығына қатысты шешім қабылдауға құқығы бар деген аргументті алға тартады. Сонымен бірге қарсы топ вакциналардың сапасына сенімсіздік білдіріп, екпенің қаупі мен ықтимал асқынулары бар екенін алға тартқан. Олар «вакцинаның әсері өте нашар, ол ұрпаққа әсер етеді» деген уәжін жеткізген.

Сондай-ақ оқыңыз