Астанада «Сібір күйдіргісі» жұққан мал еті сатылған ба – министр жауабы

Осыдан біраз уақыт бұрын Астана базарларына «Сібір күйдіргісі» жұққан мал етінің сатылғаны туралы ақпарат тарады. Мұның анық-қанығын KursivMedia тілшісі Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан сұрап білді. Министр Атбасар ауданында «Сібір күйдіргісін» жұқтырған мал табылғанын растады.
«Расымен, осындай жағдай болды. Ақмола облысы, Атбасар ауданында далада, ауылдан 7 км жерде екі ауылдың малын баққан. Ол жерде «Сібір күйдіргісімен» ауырған малды көмген жер болған. Малды сол маңайда баққан соң, 10 шақты мал ауру жұқтырған. Қазіргі таңда барлық ауру мал табылып, өртелді. Мал баққан кісілерді таптық. Қауіпті жерді жерді қоршауға алып, сақтық шараларын қабылдадық», – деді министр.
Халықты жұқпалы аурудан сақтандыру мақсатында мал баққан орынға және екі ауылға карантин енгізілген. Ауру малдың еті Астана базарларына жетіп үлгермеген. Министрдің айтуынша, ауру жұққан ет базар сөрелеріне жетпей тексерістен өтіп, жойылған.
«Мұндай ет жолға шыққан да шығар. Бірақ олардың барлығы базарға жетпестен қайтарылды. Жалпы, халықты аурудан сақтандыру үшін, Астана қаласының барлық базарларынан еттің талдауларын алып, тексердік. Тіпті есіктің тұтқасына дейін тексердік. Зертханалық талдау нәтижелері таза. Базарға жұқпалы ет түспеген», – деді Сапаров.
Еске сала кетсек, 2 шілде күні әлеуметтік желілерде Астана базарларында күйдіргі жұқтырған мал еті сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады.
Ертеңінде АШМ жұқпалы ауруға шалдыққан мал етінің базарларға тарап жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, мәлімдеме жасады.