
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруалар мен ауыл тұрғындарынан мал терісі мен жүнін далаға лақтырмауды сұрады.
Министрдің айтуынша, кедендік баж салығын енгізген соң, тері мен жүнді сыртқа экспорттайтын компаниялардың жұмысы тоқтап қалған. Ал елдегі кәсіпорындар тері мен жүнді өңдеуге дайын болмаған. Салдарынан шарулар тері мен жүнді лақтыруға мәжбүр болған. Бұл мәселені министрлік елде жаңа кәсіпорындар ашу арқылы шешуді қолға алған.
«Қазіргі таңда тері мен жүн өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашуды жоспарлап отырмыз. Ақтөбе облысында жүннің қарасы мен ағын бірдей қабылдай беретін кәсіорын ашылады», – деді министр.
Баж салығы алынды
Сонымен бірге министрлік тері мен жүн экспортынан кедендік баж салығын алып тастаған. Бұл экспорттық компаниялардың қайта іске кірісіп, елде жиналып қалған өнімдерді шетелге шығаруына мүмкіндік береді. Сапаров жаңа зауыттар салынғанша тері мен жүннің сыртқа экспортталатынын айтты.
«Сондықтан да теріні де, жүнді де далаға лақтыруға болмайды. Әкімдіктерге тапсырма бердік. Олар әр ауданда сервистік әзірлеу орталықтарын ашуы керек. Ал теріні жинап, өткізген шаруашылық иесіне қоысмша субсидия беріледі», – деді Сапаров.
Еске сала кетсек, Үкімет отырысында министрі Алматыда теріден желатин шығаратын зауыт салынып жатқанын, ал Ақтөбе облысында жүннен жылу оқшаулағыш материалдар әзірлейтін кәсіпорын ашылатынын мәлімдеген болатын.