
Германия Қазақстаннан артта қалған. Баварияда тұратын қазақстандық неміс Дан Верхоланец осындай пікір білдірді.
Ол өзін «Германияға Қазақстаннан емес, болашақтан келгендей» сезінетінін айтып отыр. Бұрынғы қазақстандық Қазақстанның Германияға қарағанда артықшылықтары көп екенін атап өтті.
Қазақстанның артықшылықтары
«Кейде Германияға Қазақстаннан емес, болашақтан келгендей сезінемін. Алматыда такси төрт минуттан кейін жетіп келеді. Ішінде Wi-Fi-ы, суы, Қайрат Нұртастың әні болады. Маркетплейстер арқылы тапсырыс берсеңіз, курьер 12 минуттан келеді десе, ол 12 минуттан кейін есігіңізді қағып тұрады», – дейді Дан Верхоланец.
Оның пікірінше, Каспийді алсақ, аударған ақшаң сол сәтте түседі. Алғыс аласың. Өмір керемет. Даяшылар күліп қарсы алады. Тамағы анаң әзірлегендей. Ешкім бір апта бұрын брондауды талап етпейді. Интернет ұшып тұрады. YouTube бетінде дөңгелек айналып тұрмайды.
Германияның кемшіліктері
«Ал Германияда, нақты айтқанда Бавария қаласында такси, жолың болып кеткен күннің өзінде, бір сағаттан кейін келеді. Бағасы – ғарыштағыдай. Бір-екі квартал жерге елу еуро төлейсің. Әйтпесе, таза ауа жұтып, жаяу жүруге тура келеді», – деп шағымданады қазақстандық неміс.
Дан Верхоланец DHL сізге келген хаттарды көршіге әкеп тастай салатынын алға тартты. Қайсысына келгені «құпия» болып қала бермек. Амазон болса, бағдарламасында «есікке дейін жеткіземіз» деп жазғанмен, екі рет тапсырысын жоқ қылып жіберген.
Баварияда неге мейрамханаға кіру қиын?
«Банкте әр түшкіргенің үшін қағаз толтыртып, қол қояды. Оны пошта арқылы жолдауың керек. Бір шоттан екінші шотқа ақша аудару үшін үш күн күтуге тура келеді. Мейрамханаға кірсең, «сен кімсің өзі?» деп қарсы алады», – дейді бұрынғы қазақстандық.
Өйткені Германияда мейрамханаға келу үшін күні бұрын нөмір арқылы бронь алу керек.
«Онсыз не кешіккенсің не сені танымаймыз, сағат сегізде жабыламыз дейді. Интернетке келсек, үш этажды үйдің лифтінде жоғалып кетеді», – дейді ол.
Оның пікірінше, Алматыда әрбір түскі ас мерекедегідей. Ал Германияда картошка мен шұжық қана.
Екі елдің өмір сүруіндегі айырмашылығы қандай?
«Германияда тек нұсқаулықпен ғана өмір сүресің. Ал Алматыда бәрі рахат. Алматылық аспаздарды, таксистерді, курьерлерді және айтишниктерді көзіңіздің қарашығындай сақтаңыздар. Олар қазірдің өзінде болашақта өмір сүріп жатыр», – деп түйіндейді Дан Верхоланец.
Оның сөзіне қарағанда, Германия Қазақстаннан артта қалып кеткендей көрінеді.
Мұның алдында Германияның ұлттық әуекомпаниясының Қазақстанға рейстерін тоқтататыны туралы жазған едік.