GR Yaris Rally2 H2: TOYOTA сутегімен жұмыс істейтін спорт көлігін таныстырды

TOYOTA GAZOO Racing командасы GR Yaris Rally2 H2 – сутегі қозғалтқышымен жұмыс істейтін ралли көлігін таныстырады.
Команда Финляндия раллиінде осы көлікпен дебют жасамақ. TOYOTA 2021 жылдан бастап Жапониядағы Super Taikyu сериясында сутегі қозғалтқышы орнатылған Corolla көлігімен жарысқа қатысып келеді. Бұл компанияның автоспортқа арналған керемет көліктерді жасауға ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар, қоршаған ортаға зиянсыз – көміртексіз қоғам құруға үлес қосуды көздейді.
Сутекті қозғалтқышы бар көліктің кәдімгі көліктен айырмашылығы, жанармайдың орнына сутек газы құйылады.
Ол қалай жұмыс істейді?
Сутекті қозғалтқыштың екі негізгі түрі бар. Іштен жанатын сутекті қозғалтқышқа келсек, кәдімгі бензин қозғалтқышына ұқсайды. Бірақ жанармай орнына сығылған сутек газын жағады. Жанған кезде көбіне су буы бөлінеді. Сондықтан зиянды газды мүлде шығармайды десе де болады.
Ал сутекті отын элементіне тоқталсақ, сутек арнайы құрылғыда оттегімен реакцияға түсіп, электр тогын өндіреді. Сол ток көліктің электр моторын оталдырады. Бұл — электромобильдің бір түрі. Бірақ тоқ көзімен емес, сутекпен қуатталады.
Сутекті көліктердің артықшылығы неде?
Әрине, бұл көліктер экологияға ешқандай зиян келтірмейді. Жанған кезде зиянды газ емес, кәдімгі су ғана шығады. Көліктің багын тез толтыруға болады. Сутек бензин сияқты тез құйылады. Бұл электромобильді қуаттаудан әлдеқайда жылдам.
Бұл көліктердің өте қуатты. Жылдам жүреді. Ұзақ жолға да жарамды
Осал тұсы неде?
Десе де, бұл көліктердің кемшілігі бар. Сутек бекеттерінің инфрақұрылымы дамымаған. Қазақстанды атамаған күннің өзінде, әлемде де жоқтың қасы. Сондай-ақ, сутек газын сақтау оңай емес. Себебі, өте жеңіл әрі тез жанғыш газ. Сақтауға арнайы баллондар керек. Оның үстіне, бағасы қымбат. Технология әлі де даму үстінде. Жетілдіруді қажет етеді.
Бұл технология қашан шықты?
TOYOTA GAZOO Racing World Rally Team командасының жетекшісі Яри-Матти Латвала осы инновациялық күш қондырғысымен жарысқа қатыспақ.
2022 жылы осы технология Еуропадағы ралли кезінде алғаш рет көрсетілді. Сынақтық үлгі – GR Yaris H2 Бельгиядағы FIA раллиі бойынша әлем чемпионатында Акио Тойода мен Юха Канккунен таныстырған еді.
Содан бері даму жалғасып, нәтижесінде Rally2 H2 пайда болды. Ол Финляндия раллиіне қатысады.
Техникалық сипаттамасы
Көлік GR Yaris Rally2 шассиінің негізінде жасалған. Сығылған сутегімен жұмыс істейтін іштен жанатын қозғалтқышымен жабдықталған. Ралли жанкүйерлеріне ұнайтын дыбыс шығарып, керемет сезім сыйлайды.
GR Yaris Rally2 H2 көлігі Финляндияның Ювяскюля қаласындағы TGR-WRT-тің штаб-пәтерінде әзірленген. Жергілікті жолдарда, соның ішінде Финляндия раллиінде қолданылатын орманды, қиыршық тас жолдарында сынақтан өтті. Рульде TGR-WRT командасының жетекшісінің орынбасары, төрт дүркін әлем чемпионы Юха Канккунен отырмақ.
Бұдан бөлек, Toyota Prius PHEV гибридінің «түнгі көлеңке» атты жаңа үлгісі шықты.