Трамп БРИКС саясатын қолдаған елдерге қосымша салық салатынын ескертті

Жарияланды 8 Шілде 2025 10:19

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп БРИКС саясатын қолдайтын елдерге қосымша 10%-дық тариф салатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social атты желідегі парақшасында жазды.

«БРИКС-тің антиамерикалық саясатына қосылатын кез келген елге қосымша 10%-дық тариф енгізіледі. Ешкімге жеңілдік болмайды», – деп жазды ол.

Бұған дейін БРИКС елдері АҚШ-тың тарифтік шараларына қарсы шығып, ол әлемдік сауданың дамуына кедергі болады деп мәлімдеді.

Айта кету керек, 7 шілдеде өткен БРИКС саммитіне Қазақстан алғаш рет серіктес ел ретінде қатысты. Күні кеше Трамп Қазақстан тауарларына салынатын импорттық салықты 25%-ға көтерген еді. Егер оның БРИКС-ке қатысты саясатын күшіне енсе, қазақстандық тауарлардың баж салығы 35%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) 2006 жылы құрылған, әлем аумағының 35%-ын, халық санының 50%-ын және жаһандық ЖІӨ-нің 40%-ын қамтиды.

БРИКС-ке 11 мүше ел: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, Эфиопия, Индонезия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Мысыр және Иран.

Сондай-ақ оқыңыз