Жаңалықтар

Ақмола облысында екі жұмысшы құдыққа құлап, қаза тапты

Жұмысшылар құдыққа құлап кеткен / фото: shutterstock
Жұмысшылар құдыққа құлап кеткен / фото: shutterstock

Ақмола облысында су құбырын тарту жұмыстары барысында екі жұмысшы қаза тауып, тағы екі адам зардап шекті. Олар құдыққа құлап кеткен.

Қайғылы оқиға 6 шілдеде күндіз Целиноград ауданының Қараөткел ауылында болған. Ақмола облысы бойынша еңбек инспекциясының мәліметінше, «Life Stroi» компаниясының жұмысшылары құдыққа құлаған. Соның салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам Астанадағы ауруханаға жеткізілді. Кісі өліміне не себеп болғаны әзірге нақты белгісіз.

«Оқиғаның анық-қанығы анықталып жатыр. Содан кейін ҚР Еңбек кодексі ережелеріне сай шара қолданады», – деп хабарлады еңбек мекемесіндегілер.

Полицияның хабарлауынша, осы оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіле бастады. Сот-медицина сараптамалары тағайындалған.

Естеріңізге сала кетейік, 8 шілдеде Астанада жедел жәрдем көлігі жол апатынан аударылып қалған еді.