
Әйгілі Backstreet Boys тобы Алматы қаласында концерт өткізетінін жариялады. 1990-жылдарда бүкіл әлемге танылған әнші жігіттер 2025 жылғы 19 қыркүйекте Орталық стадионда өнер көрсетеді.
Концерт билеттері әзірге саудаға түскен жоқ. Музыкалық ұжымның ресми сайтында ән кеші өтетін күн ғана белгіленген.
Билеттер нақты қашан сатыла бастайтыны топтың әлеуметтік желілердегі ресми парақтарында, сонымен бірге сауда сервистерінде жарияланады.
Backstreet Boys поп-музыка тарихындағы ең сәтті жобалардың бірі саналады. Топ 1990-жылдары әлемнің барлық дерлік чарттарын бағындырған. Содан бері бұл ұжым бүкіл әлем бойынша 100 миллионнан аса альбом сатқан.
Естеріңізге сала кетейік, әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес те Қазақстанға келе жатыр. Оның концерті 2025 жылғы 1 тамызда Астанада, ал 10 тамызда Алматыда өтеді.