Интернетсіз жұмыс істейтін Bitchat мессенджері пайда болды

Жарияланды 8 Шілде 2025 15:05

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Интернетсіз жұмыс істейтін Bitchat мессенджерін апат кезінде хабар алмасу үшін пайлануға да болады / фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай
Интернетсіз жұмыс істейтін Bitchat мессенджерін апат кезінде хабар алмасу үшін пайдалануға да болады / фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Twitter-дің негізін қалаушылардың бірі Джек Дарси интернетсіз жұмыс істейтін Bitchat мессенджерін іске қосты.

Көпшілік қолданып жүрген мессенджерлер интернетпен ғана жұмыс істесе, Bitchat mesh-желі технологиясын пайдаланады. Смартфондар Bluetooth желісі арқылы тікелей байланысып, бір-бірімен бірнеше жүз метр жерден хабар алмаса алады.

Мұндай мессенджерді байланыс жоқта немесе бұғатталған уақытта пайдалануға болады. Мәселен, көп адам жиналған іс-шара, концерт, футбол, митинг, табиғи апат болған кезде, сонымен бірге шалғайдағы аудандарда соның көмегімен хабар алмаса аласыз.

Bitchat телефон нөмірімен немесе email көмегімен тіркелуді талап етпейді. Чаттардың бәрі құпия сақталады. Мәліметтер смартфонның өзінде қалады.

Қолданушы хабар алмасу аймағынан тыс жерге шығып кеткен күннің өзінде оның хабары кейінірек желідегілерге жақындаған уақытта түседі.

Әзірге Bitchat мессенджерін iOS үшін шектеулі қолданушы пайдалана алады. Ол әлі сынақтан өтіп жатыр. Болашақта Джек Дарси бастаған топ оның Wi-Fi Direct және Android нұсқасын дайындап шығаруды көздеп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Telegram әлеуметтік желісінің Ресейдегі арнайы қызметпен байланысы бар екені анықталған.

Жақында Израиль мен Иран арасындағы қарулы жанжал ушыққан кезіде Тегеран бүкіл елде интернетті өшіріп тастаған. Бұған қоса Иран билігі миллиардер Илон Масктің Starlink интернетін қолданған азаматтарды дүрелемек. Бірақ мұндай спутникті интернетті құрлықтағы терминалсыз пайдалана алмайсың.

Сондай-ақ оқыңыз