Бурабайда шетелдегі қазақ балалары үшін жазғы лагерь ашылады

Бурабайда шетелдегі этникалық қазақтардың балалары үшін жазғы этно-лагерь ашылады. Балалар мұнда қазақ тілін, тарихын, ұлттық ойындарын үйреніп, атпен серуендейді. Бұл туралы Kursiv.Media тілшісі хабарлады.
Jas Qazaq лагері 9 шілдеде IQanat High School of Burabay мектебінің базасында ашылғалы жатыр. Шетелдегі қазақ балаларына арналған этно-мекенді «Отандастар» қоры ұйымдастырды. Ол Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарайды.
«Биыл лагерьге шамамен 150 этникалық қазақ баласы демалады. Олар АҚШ, Түркия, Польша, БАӘ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келеді. Бәрі қор ұйымдастырған түрлі байқаулардың жеңімпазы», – дейді ұйым өкілі.
Лагерь 20 шілдеге дейін созылады. Екі апта ішінде балалар қазақ тілін, тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық ойындарын үйренеді. Ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауға, киіз үй құруға, атқа мінуге үйретеді.
Қор өкілдерінің айтуынша, табиғаты сұлу Бурабай өңірінде іске асатын Jas Qazaq жобасы этникалық қазақ балалардың тарихи отанымен байланысын нығайту үшін қажет.