«ҚазАвтоЖол» жеті адам қаза тапқан ірі жол апаты туралы мәлімет берді

«ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолында өлшеу құралдары орнатылып жатқанын ескертті. Бұған қоса, кәсіпорын жеті адамның өмірін жалмаған ірі жол апаты туралы мәлімет жариялады.
Компания жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерлерде жылдамдықты дер кезінде төмендету керектігін ескертті.
«Жұмыс жүріп жатқан аумақта жөндеу жұмыстары туралы ескерту жасайтын, алдын ала жылдамдықты кезең-кезеңімен 90 км/сағ, 70 км/сағ, 50 км/сағ және 20 км/сағ дейін шектейтін, сондай-ақ басып озуға тыйым салатын барлық қажетті жол белгілері орнатылған», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
Кәсіпорын мәліметінше, көлік жүргізушілердің кейбірі жол белгілері мен таңба талаптарын орындамай жатыр. Олар жылдамдықты мөлшерден асырып, тыйым салынған жерлерде басып озу және жол жұмыстары жүріп жатқан аймаққа заңсыз кіріп кеткен. Соған байланысты, компания жол ережесін бұзу жол қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына да қауіп төндіретінін ескертті.
Бұған қоса, «ҚазАвтоЖол» жеті адамның өмірін қиған ірі жол апатын мысалға келтірді.
«Өкінішке қарай, алдын ала деректер бойынша, аталған автожолдың осы учаскесінде (454 км) жол белгілері мен таңба талаптарын сақтамаудың салдарынан адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл оқиғада жеті адам қаза тапты«, – деп жазды кәсіпорын.
Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» көлік жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият болуға және тәртіп сақтауға кеңес берді.
Естеріңізге сала кетейік, ірі жол апаты Қарағанды облысындағы Ақшатау кенті маңында 6 шілдеде болған.