Трамп баж салығына қатысты дедлайн 1 тамыздан кейін ұзартмайтынын ескертті

АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 1 тамызда күшіне енетін баж салығының мерзімін одан әрі созбайтынын ескертті. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне жазды.
«Түрлі елдерге кеше жолданған, сонымен бірге бүгін және ертең, одан кейінгі аз уақытта жолданатын қосымшаларда жазылғандай, тарифтер 2025 жылғы 1 тамызда төлене бастау тиіс. Бұл мерзім өзгермеді, өзгермейді де», – деп мәлімдеді Трамп.
Бұған қоса, ол «ешқандай қосымша уақыт берілмейтінін» тағы да ескертіп өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Трамп Қазақстан тауарларына 25% баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Құрама Штаттар басшысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында бұл тариф 2025 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енетінін жазған.
Сейсенбі, 8 шілдеде ҚР Сауда және интеграция министрлігі осы мәселеге қатысты мәлімдеме таратып, Трамп салығы қазақ экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейтінін ескерткен.