Картоп қашан арзандайды – министр жауап берді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жыл соңына дейін Қазақстанда картоп бағасы төмендей ме деген сұраққа жауап берді.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе бойынша ведомство Сауда министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
«Егер қандай да бір жерде баға шекті мөлшерден асып кетсе, сауда орталықтарының сатушыларына белгілі бір көлемде айыппұл салынады. Бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Биыл егіс алқаптарының құрылымында картоп егу алаңы 20 мың гектарға ұлғайтылды. Біздің болжауымызша, биыл өнім жақсы және картоп жеткілікті көлемде болады. Сондықтан күзде баға төмендейді деп есептеймін», – деді Сапаров үкіметтегі брифинг барысында.
Айта кетейік, Үкімет бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысын қарады. Ондағы мәліметке сүйенсек, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) ең қолжетімді бағаларын сақтап келеді. Мәселен, елімізде жұмыртқа, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, қырыққабат, пияз және сәбізге ең төменгі бағалар тіркелген.
Сауда және интеграция министрлігі де маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасы аразандап жатқанын хабарлады.