Ақтау әкімдігі Каспий жағалауындағы жерді заңсыз беріп жіберген

Ақтау әкімдігі Каспий теңізі жағалауынан кәсіпкерге жер учаскесін заңсыз берген. Мұндай деректі өңірлік прокуратура анықтады.
Прокуратура Маңғыстау облысында жердің заңсыз бөлінуі мен мақсатсыз пайдаланылу фактілерін анықтады.
«Мысалы, қалалық әкімдікпен «И» ЖШС-не игерілмеген жер учаскесіне теңіз жағалауынан қосымша 0,5 гектар жер бөлінген. Сот шешімімен бұл жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп хабарлады қадағалау органы.
Сондай-ақ Ақтауда мемлекет меншігіндегі жерлерді өз бетімен басып алу бойынша тоғыз дерек тіркелген. Аталған заң бұзушыларға жалпы сомасы 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Биыл Маңғыстау облысында жалпы көлемі 91 мың гектар болатын 87 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың құны 800 млн теңгеге бағаланған. Бұдан бөлек, мал басының жайылымға түсетін жүктемесіне сәйкес келмейтіндіктен, тек қағаз жүзінде пайдаланылған 83 мың гектар ауыл шаруашылығы жері де мемлекетке қайтарылды.
Еске салайық, осыған дейін Таразда 5 кәсіпкер «Айша бибі» кесенесінің аумағын заңсыз иемденіп алғаны анықталған болатын.