Мал етін ветеринариялық құжатсыз сатқандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

Енді мал етін ветеринариялық құжатсыз сатқандар қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осындай заңсыз әрекетке барған шаруалар мен делдалдарға жазаны күшейтуді ұсынып отыр.
Министр ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуге қатысты бақылауды күшейту қажет деп санайды.
«Жеткізушілер мен ветеринариялық құжаттарсыз өнім сатып алушыларға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет. Ветеринарияны одан әрі трансформациялау – цифрландыруды жетілдіруді, тауарлар қозғалысының қауіпсіздігі мен қадағалануы бойынша заңнаманы жақсартуды, жүкке ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейтуді, ЖАО өкілеттіктерін кеңейтуді, сондай-ақ сырғаларды ұйымдасқан шаруашылықтардың өз бетінше сатып алуы арқылы бюджет қаражатын азайтуды көздейді»,– деді министр үкімет отырсында.
Бүгінде ветеринариялық құжатсыз мал етін сатқандарға айыппұл салу жауапкершілігі қарастырылған. Сапаровтың мәлімдеуінше осындай әрекетке барғандарға 30 мың теңге айыппұл салынады.
«Малдың иесі ғана емес, сатып алып базарға қағаз-құжатсыз апаратын арадағы делдалдар бар. Ондай жағдайлар анықталса қылмыстық іске тартуға дейін жпуапкершілікті көздеп отырмыз. Оны да алдағы уақытта заңға кіргізу керек. Қатаңдатпасақ болмайды, – деді министр Үкімет отырсынан кейін өткен брифинг барысында.
Еске сала кетсек, 2 шілде күні әлеуметтік желілерде Астана базарларында күйдіргі жұқтырған мал еті сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады.
Ертеңінде АШМ жұқпалы ауруға шалдыққан мал етінің базарларға тарап жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарып мәлімдеме жасады.