Алматыда ірі қара терісінен желатин өндіретін зауыт салынып жатыр

Алматыда теріден желатин шығаратын зауыт салынып жатыр. Ал Ақтөбе облысында жүннен жылу оқшаулағыш материалдар әзірлейтін жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Ведомство басшысы шетел валютасындағы түсімді арттыру мақсатында тері мен жүнге салынатын экспорттық кедендік баж салығы алынып тасталғанын атап өтті. Бүгінде тері мен жүн экспорттайтын 15 кәсіпорын шикізат сатып алу көлемін арттырған.
Сондай-ақ, Айдарбек Сапаров елдің екі өңірінде тері мен жүн өңдеу жобалары іске асырылып жатқанын айтты.
«Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы «КАЗФЕЛТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын жүзеге асыруда, ал Алматы қаласында «Iskefe Holding» ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасын іске асыруда»,– деді министр Үкімет отырсында.
Сондай-ақ министр Қазақстанда мал басы тұрақты өсіп келе жатқанын айтты. Мәселен, жыл басынан ірі қара мал басы 23,4%-ға артқан, (9,6 млн бас), ұсақ мал – 7,8%-ға (26,3 млн бас), жылқы – 12,2%-ға (5 млн бас), түйе – 8,5%-ға (321,3 мың бас), құс – 2,2%-ға (47,7 млн бас) өскен.