Қазақстанда азық-түлік арзандайды, коммуналдық тариф өспейді – Үкімет есебі

Алдағы уақытта азық-түлік арзандайды, коммуналдық қызметтер тарифі әзір өспейді, баға тұрақталады. Үкіметте бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысы шығару барысында осындай мәліметтер айтылды.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен жиында бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысы қаралды.
Жиын барысында бірінші жартыжылдықта инфляция өсіміне ең көп ықпал еткен фактор – ақылы қызметтер екені айтылды. Бұл қызметтердің бағасы 16,1%-ға өскен.
Осыған байланысты коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру қарқынын қайта қарап, олардың бір бөлігін кейінге шегеру туралы шешім қабылданды.
«Бұл шешім азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтып, инфляция қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік береді», – делінген Үкімет хабарламасында.
Сондай-ақ жиында азық-түлік бағасы да қаралды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, сәуір айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға индексі 1,6% болса, мамырда өсім 1%-ға дейін, ал маусымда 0,7%-ға дейін баяулаған. Соңғы аптада өсім бар болғаны 0,1%-ды құрады.
«Өткен аптадан сәбіз бағасы 0,9%-ға арзандай бастады. Күріш, қарақұмық, жұмыртқа, ұн мен макорон өнімдерінің бағасы түсіп жатыр. Нан мен сүт бағасы тұрақты болып тұр», — деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Үкіметтің мәліметінше, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) ең қолжетімді бағаларын сақтап келеді.
«ЕАЭО елдеріндегі әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасына жүргізілген салыстырмалы талдау көрсеткендей, дәл Қазақстанда бұл тауарлар ең қолжетімді болып отыр. Атап айтқанда, Қазақстанда жұмыртқа, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, қырыққабат, пияз және сәбізге ең төменгі бағалар тіркелген. Ал қарақұмық, қант, сиыр еті және сүт бойынша бағалар Қазақстан мен Беларусь арасында шамалас. Сары май бағасы бойынша Қазақстан Беларусь пен Қырғызстаннан кейін үшінші орында, ал құс еті бойынша — Беларусь пен Ресейден кейін үшінші орында», – делінген Үкімет хабарламасында.
Айта кетейік, халық бес жылдан бері табысының тең жарымын азық-түлікке жұмсап келеді.