
Астанада салынған жаңа ЖЭО жұмысын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келіп тексерді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Президент елордадағы үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегінің қызметімен танысты», – делінген баспасөз хабарламасында.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек ЖЭО-ға келген президентке қаланың энергетикалық инфрақұрылымының даму туралы есеп берген.
Әкім қуаты сағатына 1100 Гкал болатын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларын пайдалануға берілгенін, нәтижесінде шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайғанын айтқан.

Ал «Тұран» стансасының екінші кезегі осы жылы толығымен аяқталатынын, бұдан бөлек «Телман» стансасы мен екінші ЖЭО-ны кеңейту және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр. Бұл жобалардың барлығын 2035 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа үшінші ЖЭО-ның екінші кезегі аясында бу-газ қондырғысын орнату жоспары таныстырылған. Әкім мәліметінше орталық табиғи газбен жұмыс істеп, ең жоғары қуаты сағатына 440 Гкал-ға дейін жетеді.
«Бұл жылу энергиясы шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінің сұранысын өтейді. Қазіргі уақытта үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін қосымша отын қорымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген Ақорда хабарламасында.