Шымкенттегі жастар театры қылмыстық іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Шымкент жастар театрының директоры мен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істің тергеліп біткенін хабарлаған. Осыдан кейін аталған театр бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Мәлімдемеге қарағанда, бұл іс бұрынғы «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымына қатысты. Бұл ұйым Шымкент жастар театрының мәдениет үйінің құқықтық мұрагері.
«Аталған қылмыстық іс «Шымкент жастар театры» мекемесіне емес, қазіргі таңда таратылған бұрынғы «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының қызметіне қатысты. «Шымкент жастар театры» бұл таратылған ұйымның құқықтық мұрагері және бұрын жасалған құқықбұзушылықтарға қатысы жоқ», – делінген Шымкент жастар театры мәлімдемесінде.
Шымкент жастары театры директорының орынбасары Сержан Құттыбайдың айтуынша, театр «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының БИН-інде отыр.
«Театр 2024 жылдың тамыз айында ашылған. «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының БИН-імен тіркелген. БИН-де отырғанымыз үшін істе «Шымкент жастар театры» деп қосылды. Іс театр дректорына емес, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» директорына қатысты қозғалған. Қылмыстың істің біздің театрға еш қатысы жоқ», – дейді Сержан Құттыбай.
Бүгін Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент жастар театрының директоры мен оның сыбайластарына қатысты тергеуді аяқталғанын хабарлаған. Олар 136 миллион теңгеден аса бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.