Ісі сотқа жеткен Перизат Қайрат туралы не белгілі

Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр. KursivMedia Перизат Қайраттың кім екеніне, қазірге дейін қандай дүние-мүлкіне арест қойылғанына шолу жасады.
34 жастағы Қайрат қамауға алынғанға дейін көпшілікке еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы ретінде, сондай-ақ министр кеңесшісі ретінде белгілі болды. Ол басқарған Bizbirgemizqazaqstan қайырымдылық қоры су тасқыны кезінде азаматтарға көмек көрсету мақсатында қаражат жинаған.
Одан бөлек ол Қазақстанда пара үстел теннисі федерациясының президенті болған.
600 млн теңгеге үй мен пәтер алған
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Перизат Қайрат қазақстандықтардан жиналған ақшаға қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алған. Оның ішінде 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600», 39 млн теңгеге «Haval» автокөлігін сатып алған. Сондай-ақ елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендерінен, «Vela Village» коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік нысандарын 600 млн теңгеге алған.
Гүл сататын дүкені бар
Ашық деректегі ақпаратқа сәйкес, Перизат Қайраттың атында «Rebel Flowers» компаниясы бар. Бұл ЖШС 2022 жылдың 18 қаңтарында тіркеген. Деректерде компанияның 2024 жылдың 29 қаңтарында қайта тіркеуден өткені жазылған.
Қайраттың бұл бизнесінен мемлекет бюджетіне әр жылдары 4,5 млн теңге көлемінде салық түскен. Нақтырақ айтқанда, компания тіркелген 2022 жылы 620 мың теңге, 2023 жылы 756 мың теңге, 2024 жылы 3,2 млн теңге көлемінде салық төлеген.
Басқа қандай айып тағылған?
Перизат Қайратқа су тасқынына жиналған қаражатты жымқырудан бөлек Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражатты жымқыру эпизодтары бойынша тергеліп келген. Жуырда мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталық ашуға деп аукцион өткізіп, 22 миллион теңге жинап, оны да өз мақсатына жұмсағаны анықталды.
Тергеу құжаттарына сәйкес, жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгені құраған.
Қайырымдылық қоры жабылды
Biz birgemiz Qazaqstan 2030 қоры 2025 жылдың наурызында жабылды. Ол кезде қорды жою туралы талаппен Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Әділет департаменті жүгінген. Алайда бұл шешім апелляциялық сотта қайта қаралып, өзгеріссіз қалды.