Жаңалықтар

«Митингі ұйымдастыра аламыз»: Мейірман Шекеев өзіне қысым жасалып жатқанын айтты

Заңгер Шекеев өзіне қысым жасалып жатыр деп санайды/фото: видеодан скриншот

Қазақстандық заңгер Мейірман Шекеев өзіне қысым жасалып жатқанын айтып жазба жариялады. Оның сөзінше, мұндай жағдай сотта марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың отбасының құқығын қоғағаннан кейін басталған.

«Маған қысым жасалып жатыр. Шерзаттың ісін алғалы маған жан-жақтан жасырын қысым жасалып келеді. Бәріне сабырлықпен төзіп келе жатқан маған енді біреулер басқаша әрекет етпек көрінеді. Шерзаттың апелляциялық сотына жібермеу мақсаты ма, әлде басқа ма – әзірге нақты білмедім. Десе де Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Тулебаевтың айтпағанымды айттың деп, жеке ұйғарымдағы уәждерді көзіңді бақырайтып қойып, ойдан құрастырғаны жәйдан жай емес екені айдан анық. Сотталушылардың бірінің туысы министрлікте істейді дегенде мән бермеп едік. Алайда менің білуімше жел сол жақтан тұрып жатқан сияқты», – деп жазды Шекеев.

Сондай-ақ онлайн форматта өткен сот отырысынан үзінді жариялады. Ол жерде адвокат пен судья арасындағы диалог көрсетілген.

«Әділетті сот жоқ жерде, әділетті Қазақстанның иісі де шықпас. Тек артымда қолдаушы халқым тұрғанда мені ешкім сындыра алмас. Сот процесінің аудио-бейне жазбасының жазылып жатқанын біле тұра судья осындай қадамға барса, басқалардан не күтуге болады? Судья менің болжамды пікір айтуға құқығымды шектеп, кесімді түрде «айттың» деп өштескені анық көрініп тұр. Одан қалса, митингі туралы құрастырып айтқанына енді сөз жоқ», – деп жазды ол.

Айта кетейік, Шерзат ісі бойынша 5 маусымда 9 сотталушыға сот үкімі шықты.