13 адамның өмірін қиған хостелдегі өрт оқиғасына байланысты сот үкімі шықты

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында хостелдегі өртке байланысты хостел директоры Әділбек Мұхамедияров пен мекемеге өртке қарсы қызмет көрсеткен ұйымның өкілі Александр Пекельникке үкім шықты.
Тағылған айып
Мұхамедияров ҚР ҚК-нің 292-бабы 3-бөлігі бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау үшін жауапты адамның оларды бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан) айыпталса, Пекельник ҚР ҚК-нің 306-бабы 3-бөлігі (тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігіне сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету, абайсызда адамның өліміне әкеп соққан) бойынша айыпталған.
Сотта анықталған мән-жайлар
Александр Пекельник хостелмен дабыл жүйесін жеткізу, орнату және іске қосу-баптау жұмыстары бойынша келісімшарт жасасқан. Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға жауапты болған. Сотта ол нысанды өзі барып көрмегенін, орнату жұмыстарын оның атына тіркелген жеке кәсіпкерлікпен жұмыс істеген танысы О. жүргізгенін мойындаған. Өзі жұмыстың сапасы мен қауіпсіздігін бақыламай, тек құжаттарға ресми түрде қол қойған.
Ал өрт дабылы жүйесін электр жабдықтарымен жұмыс істеуге рұқсаты мен біліктілігі жоқ адамдар орнатқан. Жұмыстар жобамен сәйкес келмеген, орнатудан кейін дабыл жүйесінің сызбасы рәсімделмеген.
Сарапшының мәліметі бойынша, дыбыс сигналының деңгейі кемінде 75 дБ болуы тиіс, алайда іс жүзінде ол 28,8–72,7 дБ аралығында болған, ал тұрғын және жертөле бөлмелерінде – 28,8–58,2 дБ деңгейінде ғана, бұл өрт кезінде дер кезінде ескертуге мүмкіндік бермеген.
Әділбек Мұхамедияров өрт қауіпсіздігі талаптары мен заңнамада көрсетілген тыйымдарға қарамастан, жертөле қабатында 48 орынға арналған 6 жатын бөлмеден тұратын орын жасаған. Сонымен қатар, ол эвакуацияға арналған жалғыз шығу есігін құлыптап қойған, бұл адамдардың шұғыл эвакуациялану мүмкіндігін шектеген. Мұхамедияров өртке дейін бес күн бұрын жертөле қабатының дәлізіне матрастар төсеп қойған, бұл өтетін жолды тарылтып, эвакуация жолында кедергі болған.
Сотталушылар кінәсін мойындаған жоқ.
Сот үкімі
Әділбек Мұхамедияров 5 жылға, Александр Пекельник 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушылардан жәбірленушілердің пайдасына моральдық зиян үшін 7 миллион теңге және материалдық шығын өтемақысы өндіріп алынған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 30 қарашасында Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапқан.