Жаңалықтар

«Jibek Joly» туристік пойызы бесінші сапарына шығады

«Jibek Joly» туристік пойызы бесінші сапарына шығады/Фото: Жолаушылар тасымалы АҚ баспасөз қызметі

19 қыркүйекте «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұйымдастырған «Jibek Joly 5.0» туристік пойызының жаңа маусымы басталады.

6 күнге созылатын сапар барысында жолаушылар Алматы – Түркістан – Отырар – Самарқанд – Бұхара – Ташкент – Алматы бағытымен жүріп өтіп, Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи және мәдени орындармен танысады.

Бұл жолғы құрам – Қазақстан мен Өзбекстан арасында қатынайтын «Jibek Joly» туристік пойызының бесінші сапары. Бұған дейінгі маусымдарда бұл турға 1000-нан астам турист қатысқан.

Акционерлік қоғам туристік пойыз заманауи, жайлы, отандық өндірістен шыққан вагондардан құралғанын айтады. Іші ұлттық нақыштағы дәстүрлі ою-өрнектермен безендірілген. «Jibek Joly» пойызы 5 вагоннан тұрады (оның ішінде 4 купе және 1 мейрамхана вагоны бар).

Бағыт Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени және тарихи орталықтарын қамтиды. Алты күн ішінде тур қатысушылары Хожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, Бұхарадағы Арк қамалы мен Ляби-Хауз алаңы, Самарқандтағы Әмір Темір кесенесі мен Регистан алаңы, Ташкенттегі Төле би кесенесі мен Хазрет Имам мемориалдық кешені сияқты ірі сәулет және тарихи ескерткіштерді аралайды.

Туристік пакет құнына пойызбен жол жүру, кәсіби гидтермен бірге жүретін туристік бағдарлама, экскурсиялар мен барлық кіру билеттері, сондай-ақ туроператорлар ұйымдастырған трансферлер кіреді.

Тур туралы барлық сұрақтар бойынша төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады: WhatsApp: +7 777 254 43 35, +7 702 218 68 09, +7 775 942 94 95.

Туристік пойыздың бұған дейінгі құрамы 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында жолға шыққан.