Сыныптастар отырысы адам өлімімен аяқталды: іс сотқа жеңіл баппен өткелі тұр

Сыныптасымен төбелескеннен кейін қаза тапқан Жандос Өтемұратовтың әкесі күдіктіге тағылған айыппен келіспей, ұлын өлтірген адамның ісі ауыр бап бойынша саралануға тиіс деген талабын жеткізді. Прокуратура тергеу нұсқасын қуаттап отырғандықтан, үнін көпке айтып, іске қоғам назарын аударуға бел буған.
Жәбірленушінің заңды өкілі Инга Иманбай күдіктіге қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша тағылған айып бұл жағдайда орынсыз екенін айтып, іс 99-бап (Адам өлтіру) бойынша тергелуі керек деген ұстанымын білдірді. Жәбірленуші Полат Өтемұратов баспасөз жиынына онлайн қатысып, жағдайдың жай-жапсарын Инга Иманбай баян етті.
Оқиғаның мән-жайы
Оқиға биыл 10 мамыр күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында болған. Марқұм қызын ұзатып жатқан сыныптасына тойға барады. Тойдан кейін сыныптастар күдіктінің үйіне жиналады. Отырыс барысында күдікті мен марқұм бұрынғы жанжалды еске түсіріп, қайта жанжалдасып, соңы төбелеске ұласады. Үйде басталған төбелес, аулада жалғасып, марқұм есінен танып қалады. Сыныптастар оның бетін жуып, ауладағы құдықтың үстіне жатқызып, отырысты жалғастыра береді. Бірнеше сағатқа созылған отырыс аяқталып, бәрі тараған соң үй иесі құдықтың үстінде жатқан сыныптасының денесі суып кеткенін байқайды. Алайда жедел жәрдем мен полиция шақырмай, сыныптасын әйелі мен екі баласының көмегімен көліктің жүксалғышына салып, туысының үйіне апарған. Сол жерден шақырылған жедел жәрдем Жандос Өтемұратовтың өлімін тіркейді. Бір ай жүрген тергеу аясында күдіктіге қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша айып тағылып, іс прокуратураға жолданған.
Инга Иманбай тергеу біржақты жүргенін, бастапқыда бұл туралы қоғамға жариялауды жоспарламағанын айтады.
«Тергеуге шағымданып Мұнайлы ауданының прокуроры Шелпеков деген тұлғаға арыз түсірдік. Алайда прокуратурадан жауап алғаннан кейін қоғамға жарияламасақ болмайды деп шештік. Өйткені прокуратура біржақты жүргізілген тергеумен келісіп отыр. Ал күдіктінің әйелі мен балаларының әрекетіне байланысты талабымызға жауап беруді қажет деп таппаған.» – дейді ол.
Жәбірленуші тараптың талабы
Заңгер тергеу органы сыныптастар арасында бұрыннан болған басараздығын қылмыс мотиві ретінде қарастырмады, марқұм есінен танып жатқанда жедел жәрдем шақырмай, оның қайтыс болуына жол бергенін ескермеді деп отыр.
«Марқұм Жандос Өтемұратов ауыр соққыдан есінен танып жатқанда біреуі жедел жәрдем шақырғанында, оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болар еді. Бірақ олар сыныптасы ессіз жатқанда отырысын жалғастыра берген. Олардың әрекеті адамды қауіпке тастау, қылмысты жасыру баптарына негіз болып тұр. Ал күдіктінің әйелі мен екі баласының әрекеті осы айыптардан бөлек қылмысты жасыруға көмектесу, қылмысқа жәрдемдесуге жатады», – дейді Инга Иманбай.
Оның сөзінше, сараптама марқұм туысының үйіне келгенге дейін қайтыс болғанын көрсеткен. Алайда ол жүксалғышта жатқанда жүріп кетті ме, әлде аулада жатқанда қайтыс болды ма, ол жағы белгісіз. Сот-медициналық сараптама миға қан құйылу, бас сүйектің сынуы, ішкі ағзалардың зақымдануы сияқты жарақаттарды тіркеген.
Заңгер сараптаманың өзі шикі жасалған деп санайды. Өйткені төбелес болған жерден табылған бита тіркелмеген. Сараптамада өлімге сол битамен жасалған соққы әкелген, әкелмегені қамтылмаған.
Инга Иманбай осындай қылмыстың жеңіл айыппен сараланғаны елде заңдық нигилизм тудырып, жауапсыздықтың жайлауына әкеліп соғуы мүмкін деп санайды.
Сондықтан іс объективті классификацияланып, күдіктіге қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша айып тағылғанын, өзге сыныптастар мен күдіктінің әйелі және балаларының әрекетіне құқықтық баға берілгенін қалайды.
Құқыққорғаушы бұған дейін кезекті шулы оқиға – Жезқазғанда кісі қолынан қаза тапқан Медет Исламның ісі бойынша шыққан сот үкімінің күші жойылғанын мәлім еткен.