Шымкент жастар театрының басшылары бюджет қаражатын қалай жымқырған

Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті Шымкент жастар театрының директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты тергеуді аяқтағанын хабарлады. Олар 136 млн теңгеден астам көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінген.
Мән-жайы
Мемлекеттік бюджеттен концерт өткізуге арналған жабдықтарды (соның ішінде колонкалар, сабвуферлер, сахналық ферма, күшейткіштер, микрофондар және т.б.) сатып алуға 320 млн теңге бөлінген.
«Алайда сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеу арқылы 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген. Электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған», – делінген агенттік хабарламасында.
Мүлік пен көлік
Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 48 млн теңгені құрайтын автокөлік пен пәтер сатып алып, мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген.
Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынған.
Күдіктілер қамауға алынды.
Бұған дейін, ҚМА пайызсыз үй уәде еткен жоба пирамида болып шыққанын мәлімдеген.