Ковидтен кейінгі синдром және «психосоматика»: аңыз ба, ақиқат па?

Жарияланды
ЖИ-мен жасалған, бильд-редактор Юлия Петрова

Расында «ковидтен кейінгі синдромның» себебі «психосоматика» ма? Осы ретте короновирустан кейін ұзаққа созылатын белгілер туралы қарапайым тілмен түсіндіріп, шынайы деректер мен мифті ажыратып көрейік.

Пандемия артта қалғанымен, оның салдары әлі күнге дейін миллиондаған адамға әсер етіп жатыр. Солардың бірі – ковидтен кейінгі синдром. COVID-19-бен ауырғандардың шамамен 10–20%-ы ұзаққа созылған белгілерге тап болған. Кейбіреуде бұл симптомдар жеңіл өтіп, тез кетсе, ал кейбір адамдарда олар ұзаққа созылып, тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін.

Тақырып төңірегіндегі күмән мен жалған сенімдерге қарамастан, дәрігерлер қауымдастығы ковидтен кейінгі синдромның бар екенін мойындады. Ендеше оның қандай белгілері бар, олар не себептен пайда болатынын және психосоматикамен байланысы бар-жоғын түсініп көрейік.

Қандай белгілер бар және неге олар әртүрлі?

Ковидтен кейінгі синдромның белгілері өте көп: қазіргі таңда 200-ден астам симптом сипатталған. Солардың ішіндегі жиі кездесетіндері:

  • Созылмалы шаршау – ең жиі байқалатын белгі.
  • Когнитивті бұзылыстар мен «мидағы тұман» – ойлау, есте сақтау, назар аудару қиындайды.
  • Тыныс тарылуы – жаттығу кезінде немесе тіпті тыныш жағдайда ауа жетпегендей сезім.
  • Кеудедегі ауырсыну – қысылу, шаншу, немесе қысым сияқты сезіледі, кейде мазасыздықпен қатар жүреді.
  • Ұйқының бұзылуы – ұйықтап кету қиындығы, үстірт ұйқы, күндіз ұйқышылдық.
  • Дене және ақыл-ой жүктемесіне төзбеу – аз ғана күш жұмсағаннан кейін жағдай күрт нашарлап, әлсіздік, бас ауруы мен шаршау пайда болады.
  • Иіс сезудің бұзылуы – иіс мүлдем сезілмейді немесе бұрмаланып қабылданады.
  • Жүйке-психикалық белгілер – депрессия, үрей, мазасыздық, паникалық шабуылдар жиі байқалады.

Иіс сезу бұзылысының бірнеше түрі бар:

  • аносмия – иістің толық жоғалуы,
  • гипосмия – иісті әлсіз сезу,
  • паросмия – иістерді бұрмаланып қабылдау,
  • фантосмия – шын мәнінде жоқ иісті сезіну,
  • агнозия – иіс бар, бірақ оны ажырату мүмкін емес.

Дәм сезуге қатысты агевзия – толық жоғалуы, гипогевзия – дәмді әлсіз сезу, дисгевзия – дәмнің бұрмаланып сезілуі сынды бұзылыс тіркеледі.

Симптомдардың түрі неге осыншалық көп?

Себебі SARS-CoV-2 тек өкпеге ғана емес, жүрек, ми, қан тамырлары, жүйке жүйесі, бүйрек және басқа да дене мүшелеріне әсер ете алады. Симптомдар сол қай ағза зақымданғанына байланысты әртүрлі болады. Сонымен қатар, ковидтен кейінгі синдромның пайда болу себебі де әртүрлі. Осыны толығырақ қарастырайық.

Ковидтен кейінгі синдромның пайда болуына не себеп

Бұл синдромның нақты себебі әлі анық емес. Зерттеушілер оның бір ғана себебі жоқ деп есептейді. Қазір кем дегенде жеті ықтимал механизм қарастырылып отыр:

  • Вирустың ұзақ сақталуы – SARS-CoV-2 ағзада жасырын қалып қойып, баяу қабынуы мүмкін.
  • Ұйқыдағы вирустардың қайта «оянуы» – иммунитет әлсірегенде бұрын ағзада болған вирустар қайта іске кірісуі мүмкін.
  • Ішектегі өзгерістер – инфекциядан кейін ішек қабырғалары микробтарді өткізе бастайды.
  • Микробиомның бұзылуы – пайдалы ішек бактерияларының азаюы ұзаққа созылған қабынуға әкелуі мүмкін.
  • Микроұйыма мен тромбоциттердің бұзылуы – шағын қан ұйымалары шаршау және басқа симптомдармен байланысты болуы мүмкін.
  • Аутоиммундық реакция – кей адамдардың ағзасы қателесі, өз жасушаларына шабуылдай бастайды.
  • Тікелей вирустық зақым – вирустың өзі әртүрлі жасуша мен дене мүшелеріне зақым келтіруі мүмкін.

Мысалы, осы синдромы бар адамдарда кейде Эпштейн–Барр вирусының қабынатынын анықталған. Бұл вирус ағзада ұзақ уақыт білінбей тұрып, белгілі бір жағдайда белсенуі мүмкін.

Ковидтен кейінгі синдром қалай анықталады?

Анықтамасы: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) нұсқауы бойынша, ковидтен кейінгі синдром – COVID-19-дан кейін 3 айдан соң басталып, кемінде 2 айға созылатын белгілер. Бұл белгілерді басқа аурумен түсіндіре алмайсың.

Қалай анықталады: Ең қиыны, бұл синдромға тән нақты қан талдауы немесе құрылғымен анықталатын белгілер жоқ. Сондықтан дәрігерлер алдымен басқа мүмкін болатын ауруларды жоққа шығару үшін тексереді. Мысалы, тыныс тарылса – өкпені рентгенге түсіріп немесе спирометрия жасайды, жүрек жиі соқса ЭКГ-ні тексереді. Бұл бүкіл анализді тапсыру керек деген сөз емес, тек нақты белгілерге байланысты тексеру қажет. Қазіргі таңда бұл синдромы «басқа себептер болмаған кездегі диагноз» ретінде қаралады.

Бұның бәріне «психосоматика» кінәлі шығар бәлкім?

Ковидтен кейінгі синдромді нақты анықтайтын тест жоқ, ал оның кейбір белгілері басқа да ауруларға тән. Сондықтан кейбір адамдар оын шынайы зақым емес, «ойдан шығарылған» немесе психикаға байланысты мәселе деп ойлайды.

Психосоматика деген не? Бұл сөзді көбіне дұрыс емес мағынасында қолданады. Кейбіреулер кез келген ауруды «жазылмаған іштегі жара», «жасырын эмоциялар» немесе адамның «шынайы өмірді қабылдағысы келмегенімен» байланыстырады.

Яғни, «арқаның ауруы – бұл ашудың көрінісі» немесе «бүйректің семуі – эмоцияны сүзгіден өткізе алмау» деп түсіндіріледі. Мұның бәрі интуитивті түрде адамның психикасы денесіне әсер етеді деген ойдан шыққан. Бірақ шындық әлдеқайда күрделі және ғылыми тұрғыда бұлай талданбайды.

Психика мен ковидтен кейінгі кезеңнің байланысы бар ма? Иә, созылмалы күйзеліс иммунитетке кері әсер етуі мүмкін. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, COVID-19 жұқтырмас бұрын күйзеліс, мазасыздыққа немесе депрессияға бейім болған адамдарда ковидтен кейінгі синдром белгілері жиі кездеседі. Себебі күйзеліс қабыну цитокиндерінің деңгейін арттырып, иммундық жүйеге кедергі келтіреді. Бірақ бұдан күйзеліс – ковидтен кейінгі синдромның жалғыз себебі деп тұжырымдауға болмайды.

Басқа да себептер бар: Ұйқы қанбай, дұрыс тамақтанбау, қозғалыссыз өмір салты да иммундық жүйені әлсіретуі мүмкін. Кейбір адамдарда туа біткен генетикалық ерекшеліктер (мысалы, CCR9 немесе CXCR6 гені) иммундық жүйенің шамадан тыс белсенуіне және ауыр симптомдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан жүздеген белгіні тек күйзеліспен ғана түсіндіру дұрыс емес.

Ғылыми медицина не дейді?
Қазіргі ғылыми көзқарасқа салсақ, ковидтен кейінгі синдром – психика мен ағзадағы өзгерістердің жиынтығы. Психоәлеуметтік факторлар адамның симптомдарды қалай қабылдайтынына әсер еткенімен, олардың өзі негізгі себеп емес.

Ковидтен кейінгі синдромы бар адамдарда денеде нақты өзгерістер байқалады. Мысалы:

  • МРТ арқылы мидағы немесе жүректегі өзгерістер көрінеді;
  • өкпенің қызметі төмендейді;
  • қанда қабыну белгілері мен аутоантиденелер табылады.

Яғни, үрей мен депрессия – ковидтен кейінгі синдром салдары, бірақ оның жалғыз себебі емес.

Қорытынды: «Психосоматика» деген ұғым қазіргі медицинада ескірген деп саналады. Халықаралық диагноз классификациясында (МКБ-11, DSM-5-TR) «психосоматикалық ауру» ұғымы жоқ. Заманауи нұсқаулықтар дәрігерлерге ковидтен кейінгі синдромды нақты жағдай ретінде қабылдап, адамдардың шағымдарын елемей қоюға болмайтынын ескертеді.

Ковидтен кейінгі синдромы кезінде не көмектеседі?

Дәлелденген ем: 2024 жылдың соңында беделді The British Medical Journal журналында осы синдромды емдеу әдістеріне арналған ірі ғылыми шолу жарияланды. Соның қорытындысы: нақты көмегі бар жалғыз тәсіл – когнитивті мінез-құлықтық терапиясы (КМТ) және кешенді оңалту бағдарламалары

Күмәнді ем: Қазіргі таңда ешқандай дәрінің ковидтен кейінгі синдромға нақты көмектесетіні дәлелденбеген. Бұл әсіресе дәрумендер, БАД-тар (олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі арнайы тексерілмейді) мен альтернативті әдістерге қатысты.

Қысқаша түйін:

  • Ковидтен кейінгі синдромы – әлемдегі жетекші медициналық ұйымдар мойындаған нақты жағдай.
  • Қазіргі таңда 200-ден астам белгісі сипатталған.
  • Оның себептері әртүрлі: вирустың ұзақ сақталуы, аутоиммундық реакция, микротромбтар, микробиомның бұзылуы және т.б.
  • Ковидтен кейінгі синдром кезінде ми, өкпе, қан мен басқа жүйеде нақты өзгерістер анықталады.
  • Ғылыми негізделген жалғыз ем тәсілі – когнитивті терапия мен кешенді оңалту.
Сондай-ақ оқыңыз