ForteBank-тің бұрынғы басшысы Қазақстан қор биржасының тәуелсіз директоры болды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қор биржасы (KASE) директорлар кеңесі жаңа мүшелерінің қызметке кірісуіне өз келісімін берді. Аталған шешім нәтижесінде ForteBank-тің бұрынғы басшысы әрі Ұлттық банктің экс-төрағасы Ғалымжан Пірматовтың інісі — Бекжан Пірматов тәуелсіз директор ретінде KASE директорлар құрамына енді.
Бұл тағайындау 2025 жылғы 29 мамырда өткен биржа акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында бекітілген.
Енді қаржы реттеушісінің келісімімен Пірматов бағалы қағаздар нарығын дамытуға және биржаның стратегиялық бағыттарын іске асыруға үлес қоспақ.
Бекжан Пірматов – Қазақстандағы қаржы саласының тәжірибелі менеджерлерінің бірі. Ол Қазақ экономикалық университетін және АҚШ-тағы George Washington University бизнес мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы бастаған ол Kaspi Bank, БТА, HSBC Kazakhstan, Казкоммерцбанк, ЕҚДБ, Jusan Invest және басқа да қаржы ұйымдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2022–2024 жылдары ForteBank басқарма төрағасы болды.
Жаңа лауазымында Пірматов KASE-нің корпоративтік басқаруы мен тәуекелдерді басқару жүйелерін жетілдіруге, сонымен қатар биржаның халықаралық нарықтағы рөлін күшейтуге атсалысады.
Жақында Forte Bank Home Credit банкті сатып алғанын хабарлады.