Канадалық компания Маңғыстауда сұйытылған газ бен метанол өндіретін зауыт салмақ

Маңғыстауда сұйытылған табиғи газ және метанол өндіретін зауыттар салынбақ. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы сұйытылған табиғи газ зауыты. Кәсіпорын құрылысын канадалық «Condor Energies» компаниялар тобы қолға алады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Condor Energies» компаниялар тобының Басқарушы Директоры, «Qazaq LNG» ЖШС Бас директоры Норман Шторммен кездескен.
Зауыт Қарақия ауданының Құрық порты маңында салынады Ол жылына 145 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіреді. Жалпы аумағы 16 гектарды құрайтын бұл жоба 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, екінші жоба бойынша сұйытылған табиғи газ зауытының жанында метанол өндіретін зауыт бой көтереді. Ол жылына 100 мың тонна өнім өндіреді. Бұл жоба да 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
«Метанол – химия өнеркәсібі, энергетика және көлік саласында кеңінен қолданылатын маңызды шикізат.
«Condor Energies» халықаралық энергетикалық компания Қазақстанда 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Бұған дейін немістің «Knauf» компаниясы Жамбыл облысында 30 млн долларға зауыт салатыны хабарланған.