Назарбаевтан қайтқан: бай-бағланнан алынған 5 жер телімі тағы да сатылымға шығарылды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Байлардан қайтқан 5 жер телімі сатылымға шығарылды / Фото: e-qazyna.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (КУВА) бай-бағланнан қайтқан 5 жер телімін тағы да аукционға шығарды. Сонымен қатар Алматы қаласының Көктем-2 ықшамауданында орналасқан ғимарат та аукцион арқылы сатылмақ. Сауда-саттық 22 шілдеге белгіленген.

Бұл жер телімдердің төртеуі Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасса, біреуі Қаскелеңнің маңайында жатыр. Олардың арасында бұрын марқұм Болат Назарбаевқа тиесілі болған 143 гектар жер телімі де бар.

Болат Назарбаевтан қайтқан жер

Фото: e-qazyna.kz

КУВА бұл жер телімін осымен үшінші рет сатылымға қойды. Назарбаевқа тиесілі болған жер Шамалған ауылының маңында орналасқан.

Kursiv.Media редакциясы ақпанда Үш-Қоңыр резиденциясы маңында орналасқан бұл жер телімі марқұм Болат Назарбаевқа қатысы бар екенін анықтаған.

Сол кезде өткен ауционда оны 127,9 млн теңгеге сатып алуға ниетті адам табылмады. Енді КУВА оның құнын 42 пайызға арзандатып, 89,5 млн теңгеге сатпақ.

Ресми мәлімет бойынша, 2016-2020 жылдар аралығында жер учаскесі Жанар Алдаш пен Ерік Сейітов есімді азаматтарға тиесілі болған. 2020 жылдың желтоқсан айында олар жер телімін «Steppe AgroMeat» ЖШС-не сатып жіберген. 4 жыл өткен соң, компания жер учаскесін Қайтарылған активтерді басқару компаниясының иелігіне өткізген.

964 гектар жер 526 млн теңгеге сатылмақ

Жамбыл ауданы, Теміржол ауылдық округінің аумағында орналасқан 964 гектар жер де тағы сатылымға шығарылды. Алғашында 751,8 млн теңгеге бағалаған жер телімі енді 526,3 млн теңгеге сатылмақ.

Жер учаскесі ұзақ мерзімге жалға берілген: жалға алу мерзімі 2065 жылдың 20 сәуіріне дейін.

Жердің нысаналы мақсаты — тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізу. Яғни, бұл жер егін егуге, мал өсіруге арналған.

«Аталған учаскені пайдалану кезінде кейбір шектеулерді сақтау қажет. Атап айтқанда, учаске арқылы өту құқығы бар, яғни басқа адамдардың өтуіне рұқсат етілуі тиіс. Сондай-ақ учаске аумағында жалпыға ортақ су көзі орналасқан. Қоршаған орта мен тұрғындар үшін санитарлық-экологиялық талаптарды сақтау міндетті. Бұл жер ауданның босалқы қорына кіретін учаскелердің қатарына жатады», – делінген сипаттамасында.

Кадастрлық картадан қарағанда бұл жер телімінің де Үш-Қоңыр жайлауына жақын жатқанын байқауға болады.

Сонымен қатар Жамбыл ауданының Қарғалы ауылдық округіне қарасты жалпы аумағы 50 гектар жер – 36 млн теңгеге, Сарытауқұм ауылдық округінің аумағындағы 1400 гектар жер – 74,2 млн теңгеге, 2400 гектар жер 12,1 млн теңгеге сатылымға қойылған.

Алматыдағы бинес-центр

Фото: e-qazyna.kz

Алматының Бостандық ауданында орналасқан бизнес-орталық та төртінші рет сатылымға шығарылды. Он қабатты ғимарат бұған дейінгі аукционда 4,4 млрд теңгеге бағаланса, қазір оны қайтарылған активтерді басқаратын компания 3 млрд теңгеге сатуға ниетті.

Ғимараттың жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Бизнес орталықты сатып алғысы келгендер аукционға қатысу үшін 178 млн теңге жарна төлеуі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз