Банктерге өз сайтында онлайн-калькулятор орнату міндеттелмек

Қазақстан банктері өз сайттарына несиенің ай сайынғы төлемін есептейтін онлайн-калькулятор орналастыруы қажет. Сонымен қатар олар клиенттеріне тарифтің өзгергені жайлы кемінде үш ай бұрын хабарлауға тиіс болады. Бұл нормалар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) әзірлеген жаңа қаулы жобасында көрсетілген. Құжат қазіргі уақытта қоғамдық талқылауға шығарылған және 2025 жылғы 21 шілдеге дейін жалғасады.
Бұл калькуляторлар арқылы клиенттер ай сайынғы төлемдерін алдын ала есептей алады. Жаңа талап бойынша, калькуляторлар екі түрлі есептеу әдісін: аннуитеттік және дифференциалды тәсілді ескеруі керек.
Сонымен қатар банктерге тарифтердің өзгерісі туралы клиенттерге кем дегенде үш ай бұрын хабарлау міндеттелді. Бұған дейін мұндай талап болған жоқ. Енді банк пайыздық мөлшерлемені немесе басқа да шарттарды өзгертетін болса, ол туралы клиент алдын ала білуі керек.
Тағы бір маңызды өзгеріс, қарыз толық өтелгеннен кейін берілетін «берешек жоқ» деген анықтаманы банк 15 күннің орнына 3 жұмыс күні ішінде беруге міндетті болады. Бұл клиенттердің несие тарихымен байланысты құжаттарды тез алуға мүмкіндік береді.
Жаңа талаптарда ерекше қажеттілігі бар адамдарға қызмет көрсету стандарттарын сақтау, сондай-ақ сенім білдірілген тұлға арқылы қызмет алуға мүмкіндік беру де қарастырылған.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтар үшін төтенше жағдай кезінде несие шарттарын өзгерту рәсімі жеңілдетіледі. Мұндай кезде айыппұлдар мен өсімпұлдарсыз шарттарды қайта қарауға жол беріледі.
ҚНРДА мәліметінше, бұл жаңашылдықтар банктік қызметтерді ашық әрі тұтынушыға ыңғайлы етуге бағытталған. Ереже күшіне енгеннен кейін, барлық банк бұл талаптарды орындауға міндетті.
Биылдан бастап, егер клиент 3,9 миллион теңгеден (яғни 1000 АЕК) жоғары тұтынушылық несие алса, онда банк немесе МҚҰ оның жұбайынан жазбаша келісім сұрайды.